Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Сүйінші! Біздің бес боксшымыз да чемпионаттың финалына шықты

ТАШКЕНТ. 12 мамыр. Ташкентте өтіп жатқан әлем чемпионатының он екінші күні ойналған жартылай финалында біздің бес боксшымыз да жеңіске жетіп, финалға жолдама алды. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.

Бүгін жартылай финалда 13 салмақ дәрежесі бойынша 18 елден 52 былғары қолғап шебері бақ сынасты. Олардың қатарында Өзбекстаннан – 9, Кубадан – 7, Ресейден – 6, Қазақстаннан – 5, Грузиядан – 3, Үндістаннан – 3, Испаниядан – 3, Әзербайжаннан – 2, Франциядан – 3, Моңғолиядан – 2, Армениядан – 2, Бразилиядан – 2, Иорданиядан – 1, Мексикадан – 1, Италиядан – 1, Қырғызстаннан – 1, Тәжікстаннан – 1, Қытайдан 1 боксшы болды.

Күндізгі сессияның екінші жұбында рингке біздің аса жеңіл салмақтағы (48 кг) саңлағымыз Санжар Тәшкенбай ресейлік Эдмонд Худоянмен текетіреске түсіп, оны айқын басымдықпен ұтты. Жасыратыны жоқ, қарсыласы өте лас ойнады. Соған қарамастан, Санжар өзінің жауынгерлік рухын жоғалтқан жоқ. Нәтижесінде төрешілер оның ұтысын 5:0 деп бағалады.

Осының артынша кубалық атақты тарлан Йосвани Вейтиа Сотомен қолғап түйістірген 54 келіге дейінге салмақтағы үкілі үмітіміз Махмуд Сабырхан сол рухты одан әрі жалғап әкетті. Ол да әр раунд сайын Бостандық аралы өкілінен басым түсіп, жекпе-жекті 5:0 деген есеппен аяқтады.

Біздің саптан үшінші болып шаршы алаңның шаңын көтерген 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі Дулат Бекбауов картвель (грузин) Лаша Гурулиді дәл сондай артықшылықпен тізе бүктірді. Ол бәсекелесіне ешқандай мүмкіндік қалдырмады.

Кешкі сессияда қалған екі жігітіміз финалға шығу жолында аянбай шайқасты. Соның ішінде 71 келіге дейінгі салмақтағы команда капитаны Асланбек Шымбергенов үндінің соңғы кездері пайда болған жұлдызларының бірі – Нишант Девті үлкен тартыс үстінде сүріндірді. Ол алғашқы екі раундта қарсыласынан бір қадам алда тұрған болса, соңғы раунда артықшылықты үдетті.

Ал біздің құрама үшін болған бүгінгі күн салтанатының соңғы нүктесін 80 келіге дейінгі салмақтағы Нұрбек Оралбай қойып берді. Ол ресейлік азулы оппонент Имам Хатаевтан әр раунд сайын басым түсіп отырды. Ақырында 4:1 деген есеппен финалға жолдама алып шықты. Кезінде оны біздің Бекзад Нұрдәулетов те жеңген еді…

Осы күні басқа елдердің намысын қорғап жүрген тағы екі қазақ жігіті жеңіске жетіп, алтын медаль үшін күресетін толқынның тобынан табылды. Атап айтқанда, Өзбекстан құрамасының мүшесі – 63,5 келіге дейінгі салмақтағы Руслан Абдуллаев армян Ованес Бачковты әдемі ұтты. Ол тіпті бір рет қарсыласын сұлатып та салды. Сол сияқты Қытай құрама командасы қатарынан жартылай финалға шыққан жалғыз өкіл – Таңатқан Тоқтарбек 80 келіге дейінгі салмақта испаниялық Газимогамед Жалидовтан 4:1 есебімен асып түсті.

Енді ертең және арғы күні финалдық шайқастар болып өтеді. Ертең, яғни 13 мамыр күні 51, 57, 63,5, 71, 80 және 92 келіге дейінгі салмақтардағы боксшылар чемпиондық атақты сарапқа салады. Ал арғы күні, яғни 14 мамырда 48, 54, 60, 67, 75, 86 келіге дейінгі және 92 келіден ауыр салмақтағы былғары қолғап шеберлері алтын медаль үшін күреседі.

Финалда Өзбекстаннан – 7, Қазақстаннан – 5, Кубадан – 4, Ресейден, Франциядан – екі-екіден, Грузиядан,  Моңғолиядан, Италиядан, Бразилиядан, Қытайдан және Әзербайжаннан бір-бірден өкіл өнер көрсетеді.

Ертең бізден екі боксшы шаршы алаңға шығады. Атап айтқанда, Асланбек Шымбергенов өзбек Саиджамшид Жафаровпен, ал Нұрбек Оралбай қытайлық бауырымыз Таңатқан Тоқтарбекпен қолғап түйістіреді. Жексенбі күні Санжар Тәшкенбай – грузиялық Сахил Алахвердовпен, Махмуд Сабырхан – өзбек Ойбек Жураевпен, ал Дулат Бекбауов өзбек Асадхуджа Муйинхуджаевпен тартысқа түседі.

Суреттерде: 1.Жаттықтырушылар штабы; 2.Санжар Тәшкенбай; 3.Махмуд Сабырхан; 4.Дулат Бекбауов; 5.Асланбек Шымбергенов; 6.Нұрбек Оралбай

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button