Бокс. Әлем чемпионаты. Ширек финалдан бес боксшымыз сүрінбей өтті
ТАШКЕНТ. 10 мамыр. Ташкентте өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатының оныншы күні ойналған ширек финалында біздің бес саңлағымыз келесі кезеңге жолдама алды. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.
Бүгін шайқасқа барлық салмақ дәрежелеріндегі былғары қолғап шеберлері қатысты. Бұл 104 атлеттің арасында 12 кубалық, 11 өзбекстандық, 8 ресейлік, 7 қазақстандық, бес-бестен испаниялық, грузиялық және франциялық гүрзі жұдырықты жігіттер болды.
Біздің үш атлетіміз – күндізгі, төрт оғланымыз кешкі сессияларда шаршы алаңға шықты.
Өкініштісі, күндіз бізден рингке бірінші болып рингке көтерілген 57 келіге дейінгі салмақтағы Серік Теміржанов кубалық Дел-Рей Сайдел Орта Родригестің алдында әлсіздік көрсетті. Үш раундтың қорытындысы бойынша Бостандық аралынан келген жігіт 5:0 есебімен басым түсті. Осылайша мұның алдындағы, 2021 жылғы әлем чемпионаты мен 2022 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері бұл жолы медальсыз қалды.
Есесіне, бұдан кейін шайқасқан саңлақтарымыз соңғы жекпе-жекке дейін түгел жеңіске жетті. Алдымен 71 келіге дейінгі салмақта сынға түскен команда капитаны Асланбек Шымбергенов франциялық Макан Траорені 5:0 етіп ұтты. Ол ұрыстың бірінші және екінші раундтарында қарсыласын екі рет нокдаунға түсірді. Содан кейін 80 келіге дейінгі салмақтағы Нұрбек Оралбай Азияның 2022 жылғы чемпионы, иорданиялық Эшайш Хуссейн Йашайшты тыпыр еткізбей, тұсаулап тастады. Нәтижесінде төрешілер оның ұтысын 5:0 деп бағалады.
Кешкі сессияда 48 келіге дейінгі салмақтағы Санжар Тәшкенбай жарыс шымылдығын ашып берді. Жапон Казума Аратакемен күш сынасқан ол қарсыласын бір рет бірінші раундта нокаутқа жөнелтті. Қорытындыда оның 5:0 есебімен ұтқанына ешкімнің күмәні болмады. Содан соң ганалық Мохаммед Амадумен жұдырықтасқан 54 келіге дейінгі салмақтағы Махмуд Сабырхан да осындай қарқыннан танбады. Бойы да ұзын, қолы да ұзын бәсекелесінен айласын асыра білген біздің оғлан ақырғы есепті 5:0 етіп өз пайдасына шешті. Соңғы жеңістің авторы 67 келіге дейінгі салмақтағы Дулат Бекбауов болды. Ол мексикалық Мигуэль Ангел Мартинеспен текетірес ұрыста үнемі бір қадам алда жүріп отырды. Осыған орай 5:0 деген есеппен жеңісті қанжығасына байлады.
Ширек финалдың ең соңғы шайқасы 92 келіден ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев пен өзбек Баходир Жалоловтың арасында өтті. Негізінен тең деңгейде өткен жекпе-жектің әр раунды мен қорытынды бағасы алаң иесіне берілді.
Жалпы, төрешілер тарапынан өзбек боксшылары қарай бүйрек бұру, көрер көзге өзгенің жеңісін тартып әперу өте көп болып жатыр. Ол бүгіннің өзінде бірнеше рет қайталанды. Мысалы, 75 келіге дейінгі салмақта венгриялық Пилип Акулов өзбек Алохон Абдуллаевқа қарағанда, соққыны дәл әрі қатты беріп отырғанына қарамастан, соңында жеңіс алаң иесіне беріліп кетті. Мұндай сорақылық 67 келіге дейінгі салмақтағы Асадхуджа Муйдихуджаевтың кубалық Ронел Иглесиас Столонго арасындағы айқастың ақырында да орын алды. Сол сияқты 51 келіге дейінгі салмақта өзбек Хасанбой Дусматов жапон Томойя Цубоидан басым бола қойған жоқ.
Айтқандай, осы күні Қытай құрамасы сапындағы екі қазақ жігіті де рингке шықты. Олардың біріншісі – Тоқтарбек Таңатқан 80 келіге дейінгі салмақта Олимпиялық ойындардың екі дүркін чемпионы, әлем чемпионы, кубалық Арлен Лопеспен жеңіп, үлкен сенсация жасады. Екінші қандасымыз – Данабек Байғазы 92 келіден ауыр салмақта тағы бір кубалық – Алехандро Арзола Лопестен ұпай санымен жеңіліп қалды.
Сонымен, біздің бес жігітіміз жартылай финалға шықты. Олар финалға шығу үшін мынадай қарсыластармен шайқасады:
48 кг. Санжар Тәшкенбай – Эдмонд Худоян (Ресей), 54 кг. Махмуд Сабырхан – Йосвани Сото Вейта (Куба), 67 кг. Дулат Бекбауов – Лаша Гурули (Грузия), 71 кг. Асланбек Шымбергенов – Нисхант Дев (Үндістан), 80 кг. Нұрбек Оралбай – Имам Хатаев (Ресей).
Ертең,11 мамырда бокшылар тынығады. Одан ары, 12 мамырда жартылай финалдық айқастар өтеді, ал финал 13-14 мамыр күндері ойналады.
Суреттерде: 1.Санжар Тәшкенбай; 2.Асланбек Шымбергенов; 3.Нұрбек Оралбай; 4.Махмуд Сабырхан; 5.Дулат Бекбауов