Анар: Түрік дүниесіне танымал тұлғаны қолдағандарыңызды қалаймын
АЛМАТЫ. 9 мамыр. Кеше Әзербайжан Жазушылар одағының төрағасы Анардан Қазақстан Жазушылар одағының құрылтайына қатысушыларға арналған үшбу хат келді. Бұл туралы өз мәнбесіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Анар (толық аты-жөні – Анар Расул оғлы Рзаев) – Әзербайжан халық жазушысы, Әзербайжан мемлекеттік сыйлығының лауреаты, әлемге танымал жазушы, режиссер, сценарист және қоғам қайраткері. Әзербайжанның атақты ақыны Расул Рзаевтың ұлы. Жасы бүгінде 85-ке келген (1938 жылы туған) ол 1991 жылдан бері Әзербайжан Жазушылар одағын үзіліссіз басқарып келеді.
Анардың озық туындылары қазақ оқырмандарына да жақсы таныс. Оның «Бес қабат үйдің алтыншы қабаты» деген романы жақында жазушы Қайнар Олжайдың аудармасымен «Атамұра» баспасынан жарыққа шықты. Оның тұсаукесеріне әзербайжан жазушысының өзі де келіп қатысып қайтты.
Әзәрбайжан Йазыджылар бирлигинин сәдри, халқ йазыдшысы Анар мырза өзінің Қазақстан Жазушылар одағының құрылтайына қатысушыларға арнап жазған хатында Одақтың қазіргі төрағасы Ұлықбек Есдәулетті тек талантты ақын ғана емес, сонымен қатар іскер басшы, шебер ұйымдастырушы ретінде көптен бері білетінінін айта келіп, оның аталмыш ұйымды басқарғалы бері жазушылар мен оқырмандарға пайдасы тиетін көптеген іргелі істердің бастаушысы болып келе жатқанына назар аударады. Ол қазақ әдебиетінің озық туындыларын өзге түрік халықтарының тілдеріне аударып шығаруда орасан зор жұмыстар жасап келеді. Бүгінде күллі түрік дүниесіне танымал тұлға болып отырған абыройлы азаматқа қазақ бауырларым тағы да қолдау көрсетеді ғой деген берік сенімдемін, дейді ол осы ойын жинақтай келіп.
Әлбетте, Қазақстан Жазушылар одағының шығармашылық өміріне табыс тілеймін, оның Ұлықбек Есдәулет басшылығындағы жұмыстары алда да жемісті болсын, деп жазады Анар. Ол өзінің қазақ қардаштарына арнаған дұғай сәлемін: «Құрылтайларыңыз қайырлы-сәтті болсын» деген ізгі тілекпен аяқтайды.