Президент Тоқаев екі соғыс ардагеріне «Халық қаһарманы» атағын берді
АСТАНА. 8 мамыр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Отан соғысының екі ардагеріне «Халық қаһарманы» атағын берді. Бұл туралы Ақорданың мәліметіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мұндай жоғарғы атаққа қол жеткізіп отырған екі ардагердің де – Әбдіғали Қаймолдин мен Иван Гапичтің жастары бүгінде 100-ден асып кеткен, олар Ұлы Отан соғысына қатысушылардан қалған санаулы кісілердің бірі болып табылады.
«1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Жеңіс Парадының қатысушысы Иван Степанович Гапичке «Халық қаһарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылсын». – делінген 5 мамыр күні қол қойылған Жарлықта.
Дәл осындай Жарлықпен Әбдіғали Қаймолдинге де «Халық қаһарманы» атағы беріліп, оған айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылған.
Аты аңызға айналған адам ретінде аталып жүрген Иван Гапич Қазақстан прокуратура саласында ұзақ жылдар бойы жемісті қызмет еткен. Ол 1923 жылы 2 ақпанда Ақмола қаласында украин отбасында өмірге келген. Оның бес жасында отбасы Қарағанды қаласына көшіп барған. Алтыншы сынып оқып жүрген кезінде, шахтада орын алған апаттан әкесі Степан Федорович апаттан қаза табады.
Иван Гапич соғыста Польша, Чехословакия, Украина жерлерін азат етуге қатысады. Соғыстың басынан аяғына дейін әскер қатарында болған ол көптеген жауынгерлік операцияларды ерліктің үлгісін көрсетеді. Осы ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз және III дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Кенгсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапаттталады.
Соғыстан кейін Орал облысына тұрақтап, өз өмірін құқық қорғау саласына арнайды, ұзақ жылдар прокуратура саласында қызмет етеді. Осы кезеңде «Құрметті прокуратура қызметкері» төсбелгісімен, I, II, III дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен, «Құрмет» орденімен, II дәрежелі «Даңқ» орденімен наградталады, Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы.
Әбдіғали Қаймолдин бүкіл саналы ғұмырын партия-кеңес салаларына арнаған. Ол 1921 жылы 30 маусымда Семей облысы Абыралы ауданындағы Ұзынбұлақ ауылында қазақ отбасында туған.
Әскер қатарына 1941 жылы маусым айында шақырылған. 1941-1945 жылдары Сталинград майданында, 1-ші Украин, 1-ші Белорус, 3-ші Балтық жағалауы майдандарында шайқасқан. Елге 1946 жылдың маусым айында оралған.
Әбдіғали Қаймолдин соғыстан кейінгі жалдыра партия және мемлекеттік органждарында тапжылмай жұмыс істеді. Ол Семей облыстық партия комитетінде, сосын Жаңасемей және Новопокровка аудандық атқару комитеттерінде қызмет атқарды. 1977-1982 жылдары «Түрксиб» совхозы партия комитетінің хатшысы болып, зейнетке шықты.
Ол Қызыл жұлдыз және I дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, «Жауынгерлік қызметі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.
Сурет ҚазТАГ-тан алынды