Чехия сыртқы істер министрі: Лавров – сайқымазақ, Ресей – терроршы
ПРАГА. 27 сәуір. Чехия сыртқы істер министрі Ян Липавски РФ сыртқы істер министрі Сергей Лавровты «клоун», ал Ресейді «терроршы ел» деп атады. Бұл туралы «Европейская правда» дерегіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
«РФ сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың чех президенті жөнінде айтқан түсіндірмесіне қатқыл жауап қайтарған Чехия сыртқы істер министрі Ян Липавски ресейлік дипломатты сайқымазақ деп атады, ал террорлық РФ басшылығының трибунал алдында тұруы тиіс екенін айтты», – делінген хабарламада.
Липавски өзінің ойын Twitte-дегі парақшасында жариялап, «клоун Лавровтың біздің президентіміз жайлы айтқандары өте күлкілі» деп жазды.
«Ресей – террорлық мемлекет, оның басшылығы халықаралық трибунал алдында тұруға тиіс», – деп атап өтті чех дипломаты.
Алайда Липавски «клоун Лавровтың» қай сөзіне қатысты ой білдіріп отырғанын айтқан жоқ. Осы ретте Чехия президентінің жақында Украинаға қатысты Қытай позициясына білдірген реакциясын Лавровтың «саяси нормаларға сәйкес келмейді» деп сынға алғаны еске түседі.
Чехия президенті Петр Павел Politico басылымына берген сұхбатында Қытайды Ресей мен Украина арасында бейбітшілік орнатудың бітімгері етіп жіберуге болмайтынын айтты. Ол «Бейжің үшін бұл соғыстың неғұрлым созыла түскені тиімді» екеніне әлем жұртшылығының назарын аударды. Әлбетте, сол кезде оны қолдағандар өте көп болды.
Қазір Чехиядан басқа тағы көптеген елдер Ресеймен «достығы шексіз екенін» мәлімдеп қойған Қытайдың бейтарап делдал ретінде қызмет ете қоятынына қатты күмәнмен қарап отыр, олар мұнда тек Ресейге бүйрегі бұрушылық пен Қытайдың тереңнен ойластырылған өз мүддесі ғана жатқанын алға тартады.