Вайкуле Ресейдің келесі президенттігіне Галкиннің лайықты екенін айтты
РИГА. 4 сәуір. Латыштың белгілі эстрадалық әншісі Лайма Вайкуле Ресейдің келесі президенті Максим Галкин болса деген тілек білдірді. Бұл туралы латыш сайттарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Эстрада жұлдызының пікірінше, кезінде комик ретінде танылған Украинаның қазіргі президенті Володимир Зеленьский өзінің ресейлік әріптесі Максим Галкинге керемет үлгі көрсетіп беріп отыр. Әнші псевдооппозиционер Ксения Собчакқа берген сұхбатында осылай деді. Ол Ресей Федерациясының келесі президенті ретінде пародист Максим Галкинді көргісі келетінін айтты.
Латвия азаматы Вайкуле егер өзінде мүмкіндік бола қалса, міндетті түрде Галкинге дауыс беретінін жеткізді.
Ол Володимир Зеленьскийдің Украина президенті болып сайланға дейін тура Максим Галкин сияқты шоу-бизнесте, соның ішінде комедия жанрында қызмет еткенін еске түсірді.
Вайкуленің ойынша, Зеленьский қазір өзінің ресейлік әріптесіне жақсы үлгі көрсетіп отыр. Украина президенті соғыс басталғалы бері өзінің қандай тұлға екенін толық танытып болды. Галкин де тура Зеленьский сияқты азаматтық позицияның адамы, сондықтан РФ-ның Украинаға соғысын отандас өнер адамдары арасында алғашқылардың бірі болып айыптап, елден кетіп қалды. Ол өзінің бұл соғысқа қарсы екенін ұдайы айтумен келеді.
«Бәлкім, Максим президент болатын шығар. Мен өзім Галкинге дауыс берген болар едім, ресейліктер оған дауыс береді деп ойлаймын. Ресейліктер, ойланыңдар! Максим – саясаткер емес, сондықтан одан идеалды президент шығады деп ойлаймын», – деді әртіс.
Вайкуле бұған Галкиннен өте жақсы мемлекет басшысы шығатынын, себебі, онда адами қасиеттердің бәрі бар екенін, жоғары интеллектуалдың адамы, өте білімді және ақылды тұлға екенін қосты.
Бұған қоса, латыш әншісі Максим Галкинмен және оның жұбайы, аты аңызға айналған Алла Пугачевамен жақсы араласып тұратынын мойындады.