Өзбекстан президенті ойылып кеткен жолдармен жүріп, Термезге келді
ТЕРМЕЗ. 14 наурыз. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Malibu көлігін өзі айдап, Сурхандария облысының ойылып кеткен жолдарымен Термезге келді. Бұл туралы Өзбекстан ресурстарына шолу жасаған rast.kz хабарлайды.
Интернет-басылымдардың жазуынша, мемлекет басшысы «тұрғындардан жиі түсіп жататын шағымдар шындығын шамалау үшін «Байсын – Денау» бағытындағы жолдың жайын өзі осылай арнайы тексеріп шығуды мақұл көрген».
Шавкат Мирзиёев Сурхандария облысының ойдым-ойдым жол танаптары бойымен автомобиль айдап келе жатып, қасындағы серігіне: «мынадай жерлермен жүріп өту мүмкін емес қой» дегенді бірнеше рет айтқан.
«Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Сурхандария облысының жолдарымен автомобиль рулінде жеке өзі отырып жүріп өтті», – деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметі жариялаған роликте президенттің Сурхандария облысының хокимі Улугбек Косимовпен бірге ақ түсті Malibu көлігінің рулінде отырғаны көрінеді. Олар қауіпсіздік белбеуін тағып алған, Шавкат Мирзиёев көлікті жүргізіп келе жатыр.
Президент тұрғындардың шағымдарын тексеріп көру үшін Байсын – Денау жолымен жеке жүріп өтуге ұйғарым жасағанын мәлімдеді. «Бұлар бәрі жақсы деп құтылады. Міне, бұл жолмен жүрудің мүмкін емес екенін енді өз көзімізбен көріп келеміз. Ешқандай сапа жоқ», – деді ол.
Қасында отырған уәлаят әкімі президент сөзімен келісетінін білдірді, расында мұндай жолмен жүру мүмкін емес. Ол жол бойы қойын кітапшасына әрдеңелерді сүйкеп жазып алып отырды.
Мемлекет басшысы соңынан Улугбек Косимов пен автомобиль жолдары комитетінің райысы Абдурахмон Абдувалиевке 15 күннің ішінде көпшіліктің пікірлерін толық ескере отырып, «қазіргі заманғы сапалы да тегіс жолдың» жобасын дайындап шығуды тапсырды.