Ресей армиясы Луганск облысында кең ауқымды шабуыл бастады
ВАШИНГТОН. 9 ақпан. Ресей Қарулы күштері бүгін Украинаның Луганск облысында кезекті кең ауқымды шабуылына кірісіп кетті. Бұл туралы Moscow Times News хабарлады.
Қазір РФ әскерлерінің Харьков облысының әкімшілік шекарасына жақын жердегі Сватово-Кременная желісінің бойымен шабуыл нөпірін күшейте түсті. Мұны Американың Соғысты зерттеу институты (ISW) өзінің кезекті есебінде баяндады.
Осы үшін Ресей әскери командованиесі 144-ші және 3-ші мотоатқыштар дивизиясының (Батыс әскери округі) бірнеше полкының бөлімшелері мен Оңтүстік әскери округінің әуе-десант дивизиясы мен анықталмаған бөлімдерінің қолдауы арқылы 90-шы танк дивизиясының полкын іске қосқан. Аталған күштер қазір украин қорғанысын бұзып өтуге әрекет етіп жатыр, бірақ әзірге оларға табысқа жетудің орайы келмей тұр. Мейлінше қатты текетірес Сватовоның солтүстік-батысында – Купянскіге жақын жерде жіне Кременнаяның батысы маңында жүруде.
ISW сондай-ақ Ресейге бұл бағытта өткен жылдың тамызында қолдан шығарып алған тізгінді қайтарып алудың орайы келгенін атап өтіп отыр. Алайда шабуылды бастау оның табыспен аяқталатынына кепіл бере алмайды. Ресей бұрынғысынша бұл шайқастарда да адам күші мен техника бірлігі жағынан өте көп шығынға ұшырауда. Мұның өзі Украинаға тағы да сәтті қарсы шабуыл ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
7 ақпан күні Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Олексий Данилов Ресей әскерлерінің соғыстың басталғанына бір жыл толуына орай өз азаматтарына әлдеқандай бір табысқа жеткендерін көрсету үшін алға қарай ұмтылатынын баяндаған еді.
Украина Бас басқармасының өкілі Ондрий Червяк РФ диктаторы Владимир Путиннің наурызға дейін бүкіл Луганск және Донецк облыстарын басып алуға бұйрық бергенін мәлімдеді.