Генерал Руцкой: Ешқандай армия өз отанын сырт жерде қорғамайды
МӘСКЕУ. 29 қаңтар. Бұған дейін Владимир Путинді сатқын деп айыптаған генерал Александр Руцкой «отанын сырт жерде қорғап жүрген» РФ армиясына көңілі толмайтынын білдірді. Бұл туралы «Диалог.Ua» хабарлады.
РФ-ның бұрынғы вице-президенті, Курск облысының бұрынғы губернаторы, отставкадағы генерал-майор Александр Руцкой тағы Кремльді сынға алды, Ресей Қорғаныс министрлігінің басшылығын барынша қабілетсіз деп кінәлады.
Ол министрліктің жедел-стратегиялық шабуыл операцияларын жүргізуге қауқарсыз екенін ашып айтты.
«Мұндай текті операцияларды жүргізу үшін соған лайықты қарулы күштер болуға тиіс. Егер қарулы күштердің жедел-стратегиялық шабуыл операцияларын жүргізу мүмкіндігі болмаса,онда оның, әсіресе, өз елінен тысқары жерлерге тұмсығын тығуының қажеті жоқ», – деп ашынды генерал.
Оның айтуынша, Ресей армиясын 22 жылдан бері ешуақытта әскер қатарында қызмет етіп көрмеген біліксіз адамдар басқарып келеді. Руцкой соның ішінде Сергей Шойгуды атап өтті.
«Ондайлар қарулы күштерді нендей жағдайға жеткізетінін, міне, көріңіздер, қорытындысы осы», – деді ол.
Генерал бұған қоса, Украинадағы соғыстың бүкіл Ресей үшін трагедия екенін айта отырып, Путинге ресейліктерді мұндай ешбір ақтап алуға жатпайтын анық та мағынасыз өлімге аттандырып отыру құқығын кім бергенін сұрады.
«Олар Ресейді қайда қорғап жүр? Не үшін қаза тауып жатыр? Ал адамның еш мән-мағынасыз топырлап өліп жатуы – бұл енді трагедия», – деп түйіндеді генерал. Ол қазір Ресей армиясында өлгендері мен жараланғандары жоқ бірде-бір полктың табылмайтынын алға тартты.
Бұдан алдын Александр Руцкой Ресей армиясының Украинадағы энергетикалық инфрақұрылымдарға ракетамен соққы беріп жатқаны үшін Кремльді жазғырған еді. Ол РФ билігі өзінің осы әрекеті арқылы барша украиндардың Ресейді барынша жек көруге мәжбүр етіп жатқанын айтып, мұны Владимир Путиннің мемлекет алдындағы сатқындығы деп бағалаған болатын.