Иранда Оңтүстік Әзербайжан қозғалысының тулары пайда болуда
ТЕГЕРАН. 5 желтоқсан. Иранда халық бас көтерулері кезінде Оңтүстік Әзербайжан ұлттық ояну қозғалысы туларының үйлер қабырғаларына салынып жатқаны байқалуда. Бұл туралы Azad İran телеграм-каналы хабарлады.
Қазіргі күндері Иранның көптеген қалаларында орын алып жатқан халықтың билікке қарсы наразылық толқыны аясында Оңтүстік Әзербайжан ұлттық ояну қозғалысы да жандана бастаған. Оның белсенділері осы күндері өз туларының суреттерін үйлердің қабырғаларына салып жатыр.
Хабарланынғандай, діни басшылар режиміндегі елдің құрсауында бұлқынған әзербайжандар «Сіздер қабырғадағы суреттерді қанша өшіріп тастасаңыздар да қайта жазамыз», деп мәлімдеп отыр.
Телеграм-каналда қозғалыс басшылары мынадай жазу қалдырды:
«Güney Azərbaycan şəhərlərində divarlara Güney Azərbaycan Milli Mübarizə Hərəkatının bayrağı çəkilir.
İran hökumətinin hər dəfə milli bayrağın rəsmini silməsinə reaksiya verən milli fəallar yazıblar:
«Nə qədər silsəniz də divarları, yenə yazacağıq!
#Güney_Azərbaycan #milli_bayraq»
Айта кетуіміз керек, Иранда Батыс Әзербайжан және Шығыс Әзербайжан деген тарихи-географиялық облыстар бар. Батыс Әзербайжанның орталығы – Үрмия, Шығыс Әзербайжанның орталығы – Тебриз қалалары. Иранда қазір 86,6 млн халық тұратын болса, солардың 10 миллионға жуығы осы екі провинцияның еншісіне тиеді. Алайда, Иранда халық санағы ешқашан ұлттық айырымдар бойынша жүргізілген емес. Сол себепті Иранда тұратын әзербайжандар санының нақты қанша екенін ешкім білмейді. Дегенмен, 25-30 миллион шамасында деген болжам айтылып қалады.