Қордайда қаза тапқандардың аты-жөндері белгілі болды
АСТАНА. 9 ақпан. Қазақстан дұнғандарының Алматы филиалы Қордай ауданында орын алған жаппай тәртіпсіздіктің барысында қаза тапқан 8 азаматтың аты-жөндерін жариялады. Бұл туралы «Азаттық» радиосы хабарлады.
Қаза болғандар арасында Сортөбедегі №17 мектептің қазақ тілі мен информатика пәнінің мұғалімі Малик Ясыров та бар екен. Одан басқалардың аты-жөндері Баху Исыров, Абдулла Чонтей, Рам Харсанов, Рахим Шисыр, Сулейман Хишанло, Лугмар Лохаш, Исхар Киров көрінеді. Бұлардың тектерінен бәрінің де дұнған ұлтының өкілдері екені көрініп тұр.
«Молаларды дайындауға қатысты көмек сұралып жатыр», деді филиал басшысы.
Айта кетейік, бұл оқиға 7 ақпан күні кешкі сағат 19:00-де Қордай ауданындағы Масанчи ауылының шетінде орын алған. Сонда бір-біріне тап берген 70-ке жуық жас жігіттер арасында төбелес басталған. Артынша көрші елді мекендерден тағы 300 жігіт жетеді. Оқиға орнына полицейлер келеді. Бірақ бұзақы жастар оларға көнбей, қайта қарсы шабуыл жасайды. Олар тәртіп сақшыларына қол жұмсап, металл заттарды, тастар мен оқ ататын қаруларды пайдаланады.
Кейін бұл жанжал Ауқатты және Бұлан батыр ауылдарын да қамтиды.
Тәртіпсіздік барысында, жалпы, 40 адам дене жарақаты мен оқ жарақатын алған. Бұлардың сегізі қайтыс болған. Қызмет барысында полицейлер де жарақаттанып қалған. Оқиғаға байланысты 47 адам тұтқынға алынған.