Молдова парламенті орысша сайлау бюллетеньдерін басуға тыйым салды
КИШИНЕВ. 2 желтоқсан. Молдова парламенті сайлауда орыс тілінде жазылған бюллетеньдерді қолдануға тыйым салды. Бұл туралы молдованның NewsMaker сайты хабарлады.
«Молдова парламенті бейсенбі күні сайлау туралы заңнамадағы олқылықтарды түзетуге, сондай-ақ оны халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге арналған Сайлау туралы жаңа кодексті екінші оқылымда мақұлдады», – делінген хабарламада.
Жаңа Кодекске сай, енді Орталық сайлау комиссиясының құрамы тұрақты негізде жұмыс жасайтын жеті адамға дейін қысқартылады. Олардың өкілеттіктері екі мәрте қайта сайлану мүмкіндігімен жеті жылға дейін ұзартылады.
Орталық сайлау комиссиясының бір мүшесін Молдова президенті тағайындаса, тағы екі-екіден мүшесін Үкімет, Магистратураның жоғарғы кеңесі мен парламент белгілейді. Парламент ОСК мүшелерін көпшілік дауыстағы пропорциялық өкілдік пен оппозицияның қамтылуын назарға ала отырып тағайындайды.
Бұдан бөлек, жаңа Конституцияда сайлау бюллетеньдері орыс тілін араластырылмай тек қана румын тілінде толтырылуы қажеттігі атап көрсетілген. Сондай-ақ кей учаскелерде «салдарлы себептерге байланысты» сайлауды екі күн бойына жүргізуге рұқсат беру де ұсынылған.
Ескерте кетуіміз керек, молдовандардың басым көпшілігі румын және молдован тілдерін бір тіл деп есептейді. Қазір елде ресми тіл ретінде румын тілі қолданылады.
Сайлау бюллетеньдерін бір ғана қазақ тілінде толтыру тәртібін біздің елімізде де ендіруге болады. Себебі, адамдардың бюллетеньдерде мемлекеттік тілде жазылған аты-жөндерін ажырата білу кім-кімге де қиындық туғыза қоймайды деп есептейміз.