Британия премьері Сунак Киевке келіп, Зеленскиймен кездесті
КИЕВ. 19 қараша. Ұлыбританияның премьер-министрі Риши Сунак сенбі күні Киевке келіп, Украина президенті Володимир Зеленскиймен ұшырасты. Бұл туралы УНИАН хабарлады.
«Сенбі, 19 қараша күні Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак алдын ала ескертпестен Киевке келді. Саясаткер Украина президенті Володимир Зеленскиймен кездесу өткізді», – делінген хабарламада.
Украин лидері Telegram-да британ премьерімен кездесудің кадрларын салып, Ресей басып кірген алғашқы күндерден Ұлыбританияның көрсеткен көмектерінің өте күшті болғанын атап өтті.
«Соғыстың алғашқы күндерінен Украина мен Ұлыбритания мықты одақтастар болды. Біз бүгінгі кездесу кезінде екі ел үшін маңызды мәселелерді, сонымен бірге кең ауқымды қауіпсіздік тақырыбын талқыладық», – деп баяндады Зеленский.
Сунак өз кезегінде Британияның Украинаны ақырына дейін қолдайтынын мәлімдеді. «Британия бостандық үшін күрес дегеннің не екенін жақсы біледі. Біз ақырына дейін сіздермен біргеміз, Володимир», – деп жазды Сунак Twitter-де.
Бұған дейін Британияның бұрынғы премьері Борис Джонсон оккупанттар Киевті атқылап жатқан кезде украин астанасына келіп кеткен еді. Ол отставкаға кеткеннен кейін орнына Лиз Трасс келді. Бірақ бұл премьер тағында ұзақ отырған жоқ, ол лауазымын атқарғанына тура 1,5 ай болған кезде, 20 қазанда отставка берді. Содан кейін мемлекет үкіметін Риши Сунак басқара бастады.
Риши Сунак қызметке келгені күні бірден Ресейдің Украинаға жасап жатқан басқыншылық соғысына қарсы екенін білдірді. Ол осы соғысқа байланысты Ұлыбритания экономикасына да қиыншылық келіп жатқанын айтты, бірақ бұған қарап, көмектен бас тарту болмайды, қиындықтан шығудың пәрменді жолдары қарастырыла береді.