Қырым көпірінің бір бөлігі отқа оранып жатыр
КИЕВ. 8 қазан. Қырым көпірінің үстіндегі теміржол тармағында күшті өрт шығып, лаулап жанып жатыр. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Ресей ақпарат құралдары бұл оқыс оқиғаны «Қырым басшысы кеңесшісінің» сөзіне сілтеме жасап жариялаған.
Анықталғаны: көпірдің үстінде өте күшті өрт орын алған, сондықтан құқық қорғаушылар олай қарай адамдарды жібермей тұр.
Ресей билігінің жарамазаншысы – РИА «Новости» ақпар агенттігі көпірдің үстінде тұрған дизельді отыны бар цистернаның жанып жатқанын жеткізді. Оның жанындағы кемелер өтетін аркаға залал келтірілген.
Украинның УНИАН жаңалықтар бюросы көпірдің осы бөлігіндегі жол өткелінің табаны жанып түсіп, суға құлағанын атап көрсетті. Одесса облыстық әскери округінің спикері Сергей Братчук телеграм-каналда өрттің өте күшті екенін жазды. «Алдын ала дерек бойынша, отын терминалы жанып жатыр. Енді ресми ақпар күтіп отырмыз», – деді ол.
Осыған байланысты «Тамань» жол басқармасы көпір үстіндегі қозғалыстың тоқтатылғанын баяндады.
Қырым көпірінің Ресей оккупанттары үшін аса маңызды нысан екені белгілі. Басқыншы ел өзінің Украинаның оңтүстік және батыс бөліктеріне жасайтын шабуылдарының бәрін Қырым түбегінен ұйымдастырып жатыр. Мұнда Кремльдің көптеген қару-жарақ қоймалары бар, сондай-ақ соғысқа қатысатын жауынгерлерді де осы жерге топтастырып отыр.
Бүгін сондай-ақ Украина-Ресей шекарасынан 350 шақырым қашықтықтағы Калуга қаласына украиндар дрондарының шабуыл жасағаны жайлы да қауесет тарап кетті.