Украина Қарулы күштері Луганск облысының шекарасына кірді
КИЕВ. 3 қазан. Украина әскерлері өзін өзі жариялаған Луганск халық республикасы деген аумаққа басып кірді. Бұл The Moskow Times хабарлады.
Мойындалмаған Луганск халық республикасының билігі украин армиясының қорғанысты бұзып-жарып өтіп, бұлардың жеріне басып кіргенін мойындап отыр. Мұны ЛХР халық милициясының офицері Андрей Марочко «Интерфаксқа» берген сұхбатында айтып берді.
«Украина қарулы құрылымдар шығынға ұшырағандарына қарамай, ЛХР-дың әкімшілік шекарасын кесіп өтіп, Лисичанскіге қарай беттеп барады», – деді ол.
Осымен бірге үш жақтан жауған оқтың астында украин әскерилері ақырын ілгері жылжып келеді. Оларға «солтүстіктен, шығыстан және оңтүстіктен» Ресей құрамалары атқылауда.
Осымен бірге Украина қарулы күштері Шығыс тобының спикері Сергей Череватый армияның Торское селосын жаудан босатқанын айтты. Украиндар қазір бұл бағытта Лиманнан кейінгі Кременнаяға шабуыл жасауда.
Череватый сондай-ақ кеше Лиманда қоршауда қалған орыс әскерлерінің тағдырлары жайлы да айтып берді. Оның айтуынша, «олардың бір бөлігі құртып жіберілсе, бір бөлігі тұтқынға түскен, ал бір бөлігі белгілі бір колоналармен немесе шағын топтармен қоршаудан шығып үлгерген». Қашып кетуге қолдары жеткендер қазір ормандарда жасырынып жүр. Бірақ «орманның іші әбден миналанып тасталған».
Череватыйдың айтуына қарағанда, Украина Қарулы күштері Кременнаядан кейін Сватовоға, Рубежноеге барып, Луганск облысын оккупациядан тазартады, соның ішінде Северодонецк мен Лисичанскіні де жаудан босатады.
Украина әскерлері бүгін Херсон бағытында да табысты ұрыс қимылдарын жүргізіп жатыр. Онда 128-ші жекелеген таулы-штурм бригадасы облыстың Миролюбовка селосын оккупанттардан тазартып, ондағы әкімдік ғимаратына украин жалауын қадады.