Путин Донбасты аннексиялаған күні РФ армиясы Лиманда қоршауға алынды
МӘСКЕУ. 30 қыркүйек. Ресей Украинаның оңтүстігін аннексиялаған күні оның армиясының үлкен тобы Донбасс жерінде қоршауға алынды. Бұл туралы The Moskow Times хабарлады.
«Владимир Путин Херсон және Запорожье облыстарын, сондай-ақ Донбасты аннексиялаған күні Украина Қарулы күштері ресейліктердің Лимандағы тобын «қазаншұңқырға» алды», – делінген хабарламада.
«29 қыркүйек күнінің аяқталу жағдайы бойынша, украин әскерлері ресейліктердің Лиман ауданындағы тобын, шамасы, қоршауға алған сияқты», – деп атап көрсетті Соғысты зерттеу институтының (ISW) аналитиктері.
Олар осының алдында Ресейдің Харьковтен кейінгі ең ірі жеңілісіне Донецк облысының Лиман қаласында тап болатынын, оның бірер күннің ішінде орын алғалы тұрғанын ескертіп еді. Украина Қарулы күштері кешке кешке-ақ қаланы батыс, солтүстік және солтүстік-шығыс қапталдарынан толық қоршауға алып, ресейліктердің тек Торское елді мекені жақтан келетін жалғыз жабдықтау шебін ғана ашық қалдырған болатын. Алайда, сол кездің өзінде ол украин күштерінің бақылауында тұрды.
«Түн жарымына қарай УҚК «Лиманды іс жүзінде қазаншұңқырға» айналдырып үлгерді», – деп баяндады сосын ресейліктерге бүйрегі бұратын «Рыбарь» телеграм-каналы. «Солтүстігінде Ставки алынды, Заречноеде ұрыс жүріп жатыр, Лиман – Торское трассасы ұдайы қарсыластардың бақылауында тұр. Оңтүстіктен Ямпольге шабуыл жасалып жатыр», – деп атап өтті телеграм-канал.
«Бұл түн Красный Лиман үшін шешуші кезең болады». – деп жазды ресейлік пейілді WarGonzo телеграм-каналы. Ол 30 қыркүйек күні таңертең Лиманда жақсы жаңалықтар жоқ екенін айтты. «Үзіп-қашты мәліметтер бойынша, біздің бөлімшелер Ямпольдан шегінуге мәжбүр болған (бұл туралы ақпар кеше тараған, бүгін расталды)», – деп түсіндірді телеграм-канал сонымен бірге Дрогобышеводағы ахуалдың нашар екенін жеткізе отырып.
«Қазіргі мәурітте Красный Лиман жартылай шеңберге алынған, Сватоводан шығатын жол біздің бақылауымызда, бірақ дембіл-дембіл атқылау астындамыз. Ямполь мен Дробышево толық дәрежеде біздің бақылауымызда емес. Біздің жігіттер шайқасып жатыр, резервті жеткізудеміз, төтеп берулері тиіс, бірақ жау да үлкен күштерін төгіп жатыр. Өте қолайсыз жаңалықтар, бірақ біз жағдайға дұрыс көзбен қарап, өз қателіктерімізден тұжырым шығара білуіміз керек», – деді өзін өзі жариялаған жалған ДХР басшысы Денис Пушилин.
«Егер қорғаныс министрлігі эксординарлы бірдеңе ойлап тауып қолданбаса, Лиман бір тәуліктің ішінде украин әскерлерінің қолдарына көшеді», – деп түйіндеді «Рыбарь». Бұл жағдайда БАРС жасағы негізгі күштер тобынан, ЛХР халық милициясы 20-шы жалпы әскерлер армиясынан ажырап қалады.
Осылайша, Ресей қыркүйектің басында Харьков түбінде күйрей жеңілгеніндей жеңілісті тағы да тартқалы отыр. Тап сол соғыстағы жеңіліс Ресей армиясының шын мәнінде әлсіз екенін көрсетіп беріп еді. Ол украин әскерлеріне үлкен күш-қайрат пен жігер берді. Енді, міне, агрессор Ресей армиясы екінші мәрте сондай ірі жеңіліске ұшырағалып отыр. Бұл онда Украинаның түпкілікті жеңісінің басы болады.
Владимир Путин жақында Самарқандта өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде Үндістаннан да, Қытайдан да, Түркиядан да қолдау тапқан жоқ. Үнді елінің премьер-министрі тіпті оған: «Қазір соғыс бастайтын уақыт па?» деп ұрсып тастады.
Қазіргі сағаттарда Лимандағы ұрыс қимылдарының нәтижесінде украин әскерлерінің оккупанттардың 6,5 мың солдатын қоршауға ала бастағаны айтылып жатыр.
Егер украиндар Лиманды толық қоршауға алып, жаудыт талқандар болса, олардың Донбасты түгел жаудан тазартып шығатын күні де қашық емес.