ХОК IBA-ны бокстан олимпиялық іріктеу турнирін өткізуден шеттетті
ЛОЗАННА. 25 маусым. Халықаралық олимпиялық комитеттің (ХОК) Атқару комитеті Халықаралық бокс федерациясын (IBA) олимпиялық іріктеу турнирін өткізу құқынан алып тастады. Бұл туралы Allboxing порталы хабарлады.
«Халықаралық Олимпиялық комитеттің Атқару комитеті Халықаралық бокс федерациясын (IBA) 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиялық ойындар үшін іріктеу турнирін өткізуден шеттету туралы шешім қабылдады. Шешім жақында өткен Федерация президентін сайлаудан кейінгі IBA-ны басқарудың жайына қатысты туған проблемаларға байланысты шығарылып отыр», – делінген хабарламада.
Биылғы мамыр айының ортасында этика жөніндегі тәуелсіз топ Федерацияның іс басындағы президенті, ресейлік Умар Кремлёвтің жалғыз бәсекелесі голландтық Борис ван дер Ворстты сайлаудан шығарып тастаған болатын. Бірақ кейінірек Спорт арбитраж соты голландтықтың апелляциясын қанағаттандырып берді. Демек, оны сайлаудан шығарып тастаудың ешқандай уәжді себебі болған жоқ.
Осыдан кейін IBA кезектен тыс сайлау өткізуге дайын екенін мәлімдеді, ал 18 маусымда іріктеу турнирі өткізілетін елдерді таңдап алу үдерісін бастап кетті. Алайда, ХОК сол мезетте IBA аясында өтетін турнирлерді тән алмайтыны жөнінде шешім шығарып, Федерацияны одан шеттетті.
«Париждегі Олимпиялық ойындарда бокс жарыстары, – оның Ойындардың іріктеу турнирлері сияқты, – IBA-ның аясында өткізілмейді. Біз бокс пен бокс қауымдастығының мүддесі үшін Париждегі бокс сайысы IBA-ның бақылауында өтпейді деп шештік. Біз әзірге квалификация мен турнирдің өзінің қалай өтетінін анықтай қойған жоқпыз, бірақ олар IBA-ның аясында өтпейді», – деп мәлімдеді ХОК-тың спорт директоры Кит Макконнелл.
Бұдан бұрын ХОК Халықаралық бокс федерациясының 2019 жылғы басқару, қаржы және төрешілер манипуляциясы проблемаларынан кейін айырылы қалған мәртебесінің түпкілікті қайтарылып берілуі 2023 жылы МОК оны мойындағаннан кейін болуы мүмкін екені жайлы мәлімдеген еді. Ал Париждегі Олимпиада 2024 жылы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді.
Айта кету керек, халықаралық федерацияны қазір басқарып отырған Умар Кремлёв – бокс төңірегіндегі алаяқтардың бірі, белгілі бандит, заңдағы ұры Гафур Рахимовтің өте жақын сыбайласы.