Қазалы ауданында дарияға жаңа көпір салынады
ҚЫЗЫЛОРДА. 15 қаңтар. Сырдария өзенінің Қазалы ауданы тұсындағы арнасындағы қалқыма көпірдің орнына жаңа көпір салынатын болды. Бұл туралы Kyzylorda-news.kz мәліметіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлады.
Дарияның бұл тұсында сол жағалықтағы «Бірлік», «Өркендеу», «Тасарық», «Лақалы», «Қожабақы», «Бозкөл» ауылдарын аудан орталығы – Әйтеке би кентімен жалғастыратын қылқыма көпір бар. Ол «Қарлаң көпірі» деп аталады.
Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов Қазалы ауданында болған жұмыс сапары кезінде осы «Қарлаң көпіріне» аялдап, оның жай-күйімен танысты. Ол айтылып отырған өткелдің сапасы нашар болғандықтан, екі ортадағы халықтың қатынауы қиынға соғып отырғанын пайымдады. Сондықтан мұнда жаңа көпір салу үшін жоба-сметалық құжаттарды әзірлеуге арнайы қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілетінін баяндады.
«Негізінен, «Қарлаң» учаскесінде темір-бетон көпір салудың техникалық-экономикалық негіздемелері дайын, енді оның жоба-сметалық құжаттарын дайындау үшін қажетті қаржы бөлінеді», – деді ол.