Қызылордада күн электр стансасы салынады
ҚЫЗЫЛОРДА. 15 қаңтар. Қызылордада күн электр стансасын салу жобасының құрылысы қолға алынатын болды. Бұл туралы Kyzylorda-news.kz хабарлады.
Осыған байланысты облысы әкімі Қуанышбек Ысқақов «Renovatio Group» компаниясының тең құрылтайшысы әрі серіктесі Джеймс Колтер Иеди, «EDPR» компаниясының өкілі Дуарте Нуно Менедес да Коста және «BDC Consulting KZ» компаниясының директоры Махмудов Ахад Хошимовичпен келіссөз жүргізді. Оның соңы тараптардың жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын электр станцияларын салу жөніндегі меморандумға қол қойыларымен аяқталды.
Таратылған баспасөз парақшасында қуаты 200 МвТ көлеміндегі күн электр станциясы құрылысының құны 100 млн АҚШ доллары тұрады.
Жобаны жүзеге асыру үшін Қызылорда қаласының сол жағалауынан 400 га жер учаскесі таңдалып алынған. Құрылыс жұмыстары 2020 жылдың ақпан айында қолға алынады. Бұл – жобаның бірінші кезеңі. Жалпы, биылғы жылдың төртінші тоқсанында электр станциясының құрылысы басталады, ол 2021 жылдың соңында пайдалануға берілуге тиіс.
Облыс әкімі бүкіл Қазақстанда да, Сыр бойында да шетелдік инвесторларға қолайлы жағдайлар туғызылғанын және мемлекеттер арасында мұндай жобаларды жүзеге асыру тиімді екенін атап өтті.
– Әлемде қалыптасып отырған күрделі экономикалық жағдайға байланысты өңірлік сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудің маңызы зор, – деді Қуанышбек Ысқақов. – Екі жақты жұмыс нәтижесінде соңғы 5 жылда Қазақстанның Португалиямен өзара саудасы 2,3 миллиард АҚШ долларына жеткен. Оның ішінде импорт көлемі – 81,2 миллион АҚШ доллары. Қазақстан экспортқа шығаратын өнімдер қатарында мұнай, мақта, қара металл бар. Ал Португалиядан біздің елімізге тығын ағашы, электр машиналары, су көлігі, фармацевтикалық өнімдер әкелінеді. Осы орайба біз сіздердің Қызылорда облысын инвестиция тарту секторы ретінде таңдап алғандарыңызға қуаныштымыз. Облысымызда табиғи ресурстар түрі жетерлік. Аймақтың жер қойнауында Менделеев кестесіндегі барлық элементтер кездеседі».