Жаңалықтар жаңғырығы

Украинада буряттар мен кадыровшылар бір-бірімен атысты

КИЕВ. 15 мамыр. Херсон облысының жау басып алған Киселевка селосында Ресей әскерилері буряттар мен шешендер арасында атыс болды. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.

Украина Қорғаныс министрлігіің Бас барлау басқармасы Ресей армиясы құрамындағы бурят солдаттары мен ұлты шешен жауынгерлер арасындағы келіспеушіліктен жанжал туып кеткенін баяндайды.

«Жау басып алған Киселевкада (Херсон облысының Чернобаевка селолық громадасы) РФ-ның ұлттары шешен және бурят әскерилері арасында атыс болды. Түнде орын алған инцидентке әр тараптан 50-ден аса адам қатысқан. Жараланғандар мен қаза тапқандардың нақты саны әзірге белгісіз. Этносаралық қақтығысқа буряттардың шабуылға шығатын ұрыс қимылдарын жүргізгілері келмеулері және шешендермен «тең емес» жағдайда жүрулері себепкерлік еткен. Бұлардың соңғылары ылғи таза «тосқауылды жасақ» ретінде тылда қалып қоятын болған, алдыңғы шепке еш уақытта бармаған. Олардың міндеті «кәпірлер бөлімшелерін» белсенді іс-қимылға жегу болыпты. Былайша айтқанда, «алдыңғы шептен кейін шегінген шеріктерге оқ жаудырып тұрумен» шұғылданған.

Бұдан бөлек, украин барлау қызметі буряттардың жергілікті жерден тоналған заттардың бөлісіне наразы болуы да жанжалға себепкерлік еткен деп жорамалдайды. Себебі, барлық ұрланған заттардың тәуірлерін кадыровшылар алып қояды-мыс. Сондықтан буряттар өздерінің шешендерден басты айырмашылығы – тікелей соғыс қимылдарына қатысып жүргендері екенін алға тартып, әділдік орнауын талап еткен.

Барлау қызметі сондай-ақ мұндай кикілжің Запорожье облысының басып алынған Федоровка селосында РФ әскері командирлері мен қатардағы жауынгерлері арасында да орын алғанын баяндайды. Солдаттар өздерін алданып қалғандай сезініп, басшыларына қарсы шыққан. Олай болатыны, мұнда келерде командование жергілікті тұрғындар арасында ешқандай қарсылық болмайтынын, бәрі 2014 жылғы Қырымдағыдай болып шығатынын айтып сендірген. Бірақ мұнда ондағыдай оккупанттарды нан-тұзбен және гүлмен қарсы алу болған жоқ, қайта соңы үлкен қарулы қақтығысқа ұласып кетті.

Ресей басқыншы жауынгерлері өздерін командирлері мұнда алдап алып келгенін айтып, жергілікті тұрғындарға шағымданған жағдайлар да болыпты. Сосын Федоровкаға ФСБ қызметкерлері келіп, наразылық білдірген солдаттарды белгісіз бір жаққа алып кетіпті…

Мұның алдында Херсон облысындағы украин фермерлері кадыровшылар жасағының қымбат тұратын ауылшаруашылық техникаларын алып кеткендерін айтып шағымданған екен. Ал жақында осы жақтан әкетілген америкалық John Deere комбайндарының Шешенстанда дерегі шыққаны белгілі болды.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button