Путиннің ауруы күшті. РФ-да төңкеріс дайындалуда – Буданов
МӘСКЕУ. 14 мамыр. Ресей президенті Владимир Путиннің ауруы күшті екені белгілі болғаннан кейін оны орнынан алуға қам жасау басталып кетті. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Украина әскери барлауының басшысы Кирилл Буданов Ресей президентінің рактың қатерлі түрімен ауыратынын және РФ-да қазірдің өзінде оны тағынан тайдырудың астыртын әрекеттері жүріп жатқанын Sky News басылымына берген сұхбатында айтты.
Будановтың айтуынша, Ресей мен Украина арасындағы соғыс тамыз айында өзінің бетбұрысты мәурітіне жетеді де, жылдың соңында аяқталады.
Ол сондай-ақ Ресейде Путинді орнына алып тастау мақсатындағы төңкерістің алғы қадамдары басталып кеткенін сөз етті. Ал Ресей лидері айықпас обыр кеселіне ұшыраған. Барлаудың мәліметінше, Путиннің бұдан басқа да бірнеше ауыр кеселдері бар.
Буданов Ресей президентінің үнемі нашар психоэмоциялық және физиологиялық жағдайда жүретінін ескертіп өтті. Бұл оның жұмысына да қатты әсер етуде.
«Бетбұрыс тамыз айының екінші жартысында болады. Жылдың соңына қарай белсенді ұрыс қимылдарының басым бөлігі аяқталады. Нәтижесінде біз өз еліміздің барлық территориясында, – соның ішінде Донбасс пен Қырымда да, – украин билігін қалпына келтіреміз… Еуропа Ресейден үлкен қауіптің ұшын көріп тұр. Олар агрессиядан қорқады. Біз Ресеймен сегіз жылдан бері соғысып келеміз деп айта аламыз, ал Ресейдің кеңінен жарнамаланып келген зор әскери қуаты жөніндегі әңгімелер – жай миф, аңыз. Ол Путин айтып жүргендей күшті емес. Ресей – тек қарулы адамдардың ордасы ғана», – деді Буданов өз сөзінде.
Оның айтуынша, шығысқа қарай ұмтылғанымен, Ресейдің тактикасы ешбір өзгерген жоқ, баяғы ұрдажық омырау, шот маңдайлығынан ажыраған жоқ, сондықтан да РФ мына соғыста орасан зор шығынға ұшырап келеді.
Ол Ресейдің соғыстағы сәтсіздіктеріне таң қалмайтынын айтты. «Біз өз дұшпанымыздың барлық қырларын білеміз. Біз олардың жоспарларын сол жасап жатқан кезінде-ақ біліп қоямыз», – деді тағы.
Атап өтілгендей, Буданов Украина үкіметіндегілер Ресейдің өздеріне шабуыл жасауы туралы әңгімеге күле қарап отырған уақытта, оның өз еліне шынымен басып кіретінін және бұл оқиғаның қай күні қай уақытта қай бағытта орын алатынын алдын ала дәл болжап айтып берген екен.
Журналист сондай-ақ Будановтың офисі мен Украина барлау басшысының өзін суреттейді.
Сөзбе-сөз алғанда: «Оның офисінің іші қараңғы, ол соғыс пен шпионаж атрибуттарына толып тұр, терезелерге құм салынған қапшықтар қойылған, еденде пресс-папье ретінде пайдаланылатын пулеметтер, үстелде винтовка үшін қосымша магазин жатыр. Оның өзі елдің әскери барлауын басқаратындай кейіпте емес, өте жас болып көрінеді, бар болғаны 36-да, ал іс жайында сөйлегенде, тек өте дәлдікпен нақтысын ғана айтады. Ерекше бір тасқынды эмоциядан ада, кездесу кезінде тек бір рет қана күлімсіреп тұрып, ағылшынша: «Мен оптимиспін» дегенді айтты», – деп жазыпты.
Осы уақыттарда ресейлік блогерлер Путиннің онкологиялық отаға дайындалып жатқанын жеткізді. Оның жұмыста жоқ екенін білдірмеу үшін РФ-да сөйлейтін сөздерінің жазбалары, әлдеқандай бір жиынды жүргізіп отырғаны, жарлықтарға қол қойған кездері, тіпті сонымен бірге тұрпаттасы, яғни дублері алдын ала дайындалып қойылыпты. Ұйымдастырушылардың болжамдарынша, бұл «дайын сюжеттер» кемінде он күнге дейін жұртты алдарқата тұруға жетуге тиіс.
Операция түнгі сағат 01:00 мен 02:00 аралығында жасалады деп белгіленген. Бірақ қай күні екені айтылмайды. Ал отаға қатысатын дәрігерлер бұған дейін талай сыннан өткен ресейлік мамандардан құралады.
Британия таблоидтары қазір өзінің «мәнбелеріне» сүйеніп, Путиннің ауруы «қан рагы» дегенді жазып жатыр.