Жарыс жолында тек «Астана» қалды
Еуропа лигасы іріктеу раундының екінші кезеңінде күш сынасқан қазақстандық үш команданың арасынан тек «Астана» ғана жарыс жолын жалғастыратын болды. Бұл туралы Vesti.kz.хабарлады.
Матчтардың бәрі 1 тамыз күні ойналды. «Астана» командасының футболшылары өз алаңында Андорраның «Санта-Колома» жасағын қабылдап, 4:1 есебімен ірі жеңіске жетті. Бірақ матч сенсациямен басталды. 7-минутта қонақтар күтпеген жерден алға шығып кетті. Олардың жартылай қорғаушысы Энрик Пи астаналықтар қақпашысы Ненад Эрич қолмен қайтарған допты айып алаңының шегіне таман жерден қайта ұрып, тордан бір-ақ шығарды. Алаң иелері 24-минутта таразы басын теңестірді. Бұған Пидің өз алаңы ішінде тәртіп бұзғаны себеп болды. Осыған орай белгіленген пенальтиді исландиялық легионер Рунар Мар Сигурьонссон дәл түсірді.
Бұдан әрі ойын бір қақпаға қарай бағытталды. «Астана» бір шабуылдан кейін бір шабуылды өрістетті. «Санта-Колома» ұзақ уақыт бойы жақсы қорғана білді. Алайда, ақыры қорғаныс шебі шыдас бермейді. «Астана» 73-минутта Марин Томасовтың мергендігімен алға шықты. Осыдан бастап 60-минутта ғана алаңға шыққан хорват хавбегі гол соғумен болды. Ол ойын аяқталған кезде хет-триктің авторы атанып тұрды. Томасов екінші голын 79-минутта түсірді. Ал 94-минутта ойынның нүктесін қойып берді. Ол, айтқандай, бірінші голын соққан кезде жейдесін шешіп алып, елден ерек қуанғаны үшін «сары қағаз» алып қалды.
Бұл командалардың Андоррада өткен бірінші ойыны 0:0 болып аяқталған еді. Енді «Астана» іріктеу турнирінің үшінші кезеңінде «Астана» Мальтаның «Валлетта» командасымен ұшырасады. Матчтар 8 және 15 тамыз күндері ойналады. Елордалықтар бірінші кездесуді өз алаңында өткізеді.
Израильдің Беэр-Шева қаласында жергілікті «Хапоэльден» 0:2 есебімен ұтылып қайтқан «Қайраттың» Алматыда есе қайтара алатынына оншалықты сенім болған жоқ. Бұған дейін біздің командалардың израильдіктерді жолда қалдырып кеткен кездері бола қоймап еді, сол дәстүр тағы жалғасты. Орталық стадионда өткен ойын 1:1 деген есеппен аяқталды.
Ойын «Қайрат» үшін жақсы басталды. Алаң иелері көп шабуылдады. Соның нәтижесінде 41-минутта серб қорғаушысы Раде Дугалич есеп ашты. Бірақ қайраттықтар екінші таймда есепті еселей алмады, керісінше жағдайын ушықтырып жіберді. Алдымен 55-минутта қорғаушы Елдос Ахметов екінші ескертуімен алаңнын қуылса, 63-минутта Дугалич өз қақпасына гол соғып алды. Алаң иелері осыдан кейін де жағдайды түзеуге күш салды. Бірақ олар ызаланып ойнады. Соның әсерінен алаң шетінде отырған запастағы қақпашы Владимир Плотников «қызыл қағаз» алып қалды. Ең соңында «Хапоэль» тіпті бір гол соғып та жіберді. Алайда, ол офсайдтан соғылған себепті есепке алынбады. Ал 96-минутта қорғаушы Ғафуржан Сүйінбаев та алаңнан қуылып кетті.
Сөйтіп, бұған дейін өз алаңында «Қайратты» 2:0 етіп жеңіп келген «Хапоэль» екі матчтың қорытындысында 3:1 етіп ұтып, келесі кезеңге өтті. Ол үшінші раундта Швециянәң «Норрчепингімен» күш сынасады.
Алматылықтарға қарағанда, жарысты жалғастыру мүмкіндігі молдау көрінген Шымкенттің «Ордабасысы» де үмітті ақтай алмады. Сырт алаңда 1:1 есебімен тең ойнап қайтқан оны 0:0 деген есеп те қанағаттандыратын еді. Бірақ, матч 3:2 есебімен қонақтардың пайдасына шешіліп кетті.
Ойынның 8-минутында-ақ «Млада-Болеслав» Марек Матеовски салған голмен алға шықты. Сосын 32-минутта ресейлік форвард Николай Комличенко шымкенттіктер дарбазасына белгіленген пенальтиді дәл соғып, таблодағы есепті 2:0-ге жеткізді. Алаң иелері тайм аяқталар тұста ғана бір доптың қарымтасын қайтарды. Форвард Алексей Щеткин 45-минутта қарсыластар қақпасы торын бүлк еткізді.
Алайда, «Млада-Болеслав» үзілістен кейін үшінші голды салып үлгерді. Оны 47-минутта босниялық шабуылшы Мурис Мешанович өз есебіне жазды. Дегенмен, «Ордабасы» оңайлықпен берілер болмады. Ол 55-минутта есепті тағы да қысқартты. Бұл жолы сенегалдық хавбек Абдуллаи Диакате пенальтиді мүлт жібермеді. Осы есеп матч соңына дейін өзгермеді.
Осылайша жарыс жолын ұзартқан «Млада-Болеслав» келесі кезеңде Румынияның «Стяуа» командасымен кездесетін болды.