Экс-офицерлер «өздерінің заңсыз сотталғанын» мәлімдеді
АСТАНА. 11 наурыз. Қазақстан Қарулы күштерінің бұрынғы офицерлері өздерін қауіпсіздік комитеті заңсыз соттатқанын жеткізді. Бұл туралы «Орда.kz» хабарлады.
«Қарулы күштер құрамында болған бірнеше бұрынғы генералдар мен полковниктер Кәрім Мәсімов басқарған ұлттық қауіпсіздік комитеті оларды заңсыз соттағанын мәлімдеді», – делінген хабарламада.
Бүгін баспасөз мәслихатында экс-полковник Мұхтар Қарабеков 2017 жылы Қазақстан инжиниринг компаниясының ісі бойынша Астана қаласы әкімінің экс-орынбасары Қанат Сұлтанбековпен бірге төрт жылға сотталғанын айтты.
«Тергеу амалдары кезінде олардың пара алғаны анықталған. Алайда, Қарабеков бүгінгі күнге дейін өз кінәсін мойындамай отыр. Барлық адамдар заңсыз сотты болды. Тінту жұмыстарында нәтиже шықпады, мүдделі адамның берген куәлігі ғана жалғыз дәлел деп танылды. Бүгінде Кәрім Мәсімовтен бастап ҰҚК-нің бүкіл басшылығы уақытша ұстау оқшаулағышында отыр және олардың барлығы әскери қызметкерлердің заңсыз сотталуына қатысы бар» деді Қорғаныс министрлігі әскери өкілдіктер орталығының бұрынғы басшысы.
Қарабековтің айтуынша, 157 әскери қызметкер заңсыз сотталып, оның 7-еуін Жоғарғы Сот ақтап алған.
Сондай-ақ, ол тергеу кезінде оған Елбасының інісінің баласы Самат Әбіш ҰҚК бастығының орынбасары болып тұрған кезінде қысым көрсеткенін айтты.
Экс-офицерлер президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан заңсыз сотталған әскери қызметшілерге араша сұрады.
Еске салсақ, ҰҚК экс-басшысы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарлары қасіретті қаңтардан кейін мемлекетке опасыздық жасады деген күдікпен қамауға алынған.