Футболдан Ресей құрамасына да бірқатар санкциялар салынды
ПАРИЖ. 28 ақпан. ФИФА Ресейдің Украинаға шабуыл жасауына байланысты бұл елдің құрама командасына қатысты бірқатар санкциялар енгізді. Бұл туралы FIFA сайтына сілтеме жасааған rast.kz хабарлады.
Команда бұдан былай белгісіз мерзімге дейін ойындарға Ресейдің гимнсіз және туынсыз қатысады. Былайынша айтқанда, Ресей құрамасы ойнайтын кез келген халықаралық матчта елдің гимні ойналмайды, туы жоғары көтерілмейді. Санкция мұнымен ғана шектелмейді, Ресей құрамасы мұндай кездесулерге елдің атымен емес, РФС (Ресей Футбол одағы) атауымен қатысады. Бұған қоса, команда Ресей жерінде бірде-бір ойын өткізе алмайды.
Мұның алдында Польша құрамасы 2022 жылғы әлем чемпионатының бір орны үшін Ресей командасымен кездесуден бас тартқан болатын. Оны Чехия және Швеция құрамалары да қолдады.
Қазір ФИФА-да Ресей құрамасын қатардан шығару турасында мәселе көтеріліп жатыр.