«Кешір бізді, Украина!». Ресейлік саңлақтар Путиннің соғысы жайлы
МИНСК. 25 ақпан. Ресейдің бір топ танымал тұлғалары Украинада қазір жүріп жатқан соғыс жайлы өз ойларын білдірді. Бұл туралы белорустың «БелСАТ» сайты хабарлады.
Олардың қатарында жазушылар, актерлер, саясаткерлер, поп-жұлдыздар болды. Атап айтқанда, Акунин, Ходорковский, Быков, Хаматова, Парфенов, Муратов, Галкин, Лазарев Ресей басшылығының бұл бассыз әрекетін батыл айыптады.
Саясаткер Михаил Ходорковский Ресейдің Украинаға шабуыл жасаған күні мен уақытын 1941 жылдың 22 маусымына теңеді. Ол: «Путин – қылмыскер және сатқын», – деді.
«Біз бүгін Ресей тарихындағы осы ең масқара беттер үшін қатты қайғырып отырмыз. Менің тұстастарым үлкен қорғаныс соғысы туралы фильмдерді көріп өсті. 1941 жылы біз өз елімізді басқыншы жаудан қорғауға шықсақ, ал бүгін біздің билік еліміздің атын жамыла отырып, басқыншылық соғысты бастап берді. Бізге 1941 жылдың 22 маусымы қайтып келген сияқты, бірақ біз бұл жолы басқа майдан шебінде тұрмыз»,– деді Ходорковский.
«Путин – қылмыскер және сатқын. Ол сотталады, егер, әрине, табиғи себептер оны соттан құтқарып қалмаса. Бірақ ол өлгеннен кейін де Ресей лидерлері ішіндегі ең жиіркеніштісі болып қала береді. Мен тіпті мұндай тарихи жағдайды тауып айта алмай отырмын, себебі, мұндай дарынсыз басшылар кездескенімен, өзінің ұрлап алған қоқыр-соқырларын сақтап қалу үшін бүкіл елді күл-қоқысқа лақтырып кетуге арнайы дайындалған адам болған жоқ», – деді ол соңында.
Белгілі жазушы Борис Акунин 2022 жылғы 24 ақпанда ессіздік жеңіп шығып, «біздің бәріміз үшін жаңа – сұмдық құбыжық дәуір басталды», – деп жазды.
«Мен әу басында Путиннің мұндай сандырақ соғысты бастап кететініне сенгем жоқ, – қателесіппін. Мен оны ақырында қалайда ақыл-ой жеңетініне сеніп едім, – қателесіппін. Ессіздік жеңіп шықты. Енді адамдар өліп, қан төгіледі. Ресейді психологиясы дұрыс емес диктатор билеп отыр, бұл – бәрінен де жаман, ол паранойяның ығындағы адам», – деп жазды Акунин.
«Мен Путляндия мен Ресейдің бір нәрсе емес екенін білуші едім, бірақ бүкіл әлем үшін мұның енді еш айырмашылығы болмай қалды. Украиндарды аяймын. Маньяктың билігі астында жүрген ресейліктерді аяймын. Қазір енді қуанып жатқан есірік ресейліктерді де аяймын. 2022 жылдың 24 ақпанында біздің бәріміз үшін жаңа дәуір басталды. Алапат дәуір. Ол қаншаға созылады, ол қандай құрбандықтар әкеледі?», – дейді Борис Акунин.
Нобель сыйлығының лауреаты, «Новая» газетаның» бас редакторы Дмитрий Муратов «Ресей азаматтарының соғысқа қарсы қозғалысы ғана планетадағы өмірді сақтап қала алатынын» мәлімдеді.
«Біздің еліміз президент Путиннің бұйрығы бойынша Украинамен соғысты бастады. Соғысты тоқтататын ешкім жоқ. Сондықтан біз қайғыға батып, ұяттан өртеніп отырмыз. Бас қолбасшының қолында қымбат машиналардың кілттері шоғыры сияқты «ядролық түймеше» бар. Сонда келесі қадам ядролық соққы болмақ па? Әйтпесе Владимир Путиннің тәубесіне келтіру жайындағы сөзін қалай түсінуге болады?», – деді ол тағы.
«Біз «Новая газетаның» бұл жолғы нөмірін екі тілде – украин және орыс тілдерінде шығарамыз. Себебі, біз Украинаны өзімізге жау, ал украин тілін жаудың тілі санамаймыз. Еш уақытта мұны мойындамаймыз. Соңғы айтарым: тек ресейліктердің соғысқа қарсы қозғалысы ғана бұл планетадағы өмірді сақтап қалады», – деді Муратов.
Жазушы Дмитрий Глуховский өз елі үшін Украинадан кешірім сұрады.
«Бұл – ақылынан алжасқан тиран ойлап тапқан бауырларды бауырлардың өлтіруіне бағытталған нағыз жыртқыштық соғыс. Кешір бізді, Украина!», – деді ол.
Әртіс Михаил Галкин Ресей әскерлері Украинаға басып кірген күнді өзінің «Инстаграмдағы» парақшасында қара шаршымен белгілеп қойды.
«Таң атқаннан Украинадағы туыстарыммен және достарыммен байланыста болдым. Қазір қандай сезімді бастан кешіп отырғанымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қалайша бұған жол берілді? Бұл соғысты ешбір сөзбен ақтап алуға болмайды! Соғысқа жол жоқ!», – деп жазды сосын Галкин.
Әнші және актер Сергей Лазарев агрессияны тоқтатып, дереу келіссөз орындығына отыруды талап етті.
«Бір апта бұрын менің ұлым ұйықтап жатып, жылап оянды. Мен не болғанын сұрағанымда, 7 жасар балам: «Папа, мен соғыстан қорқамын», – деді. Мен оған сонда: «Күнім-ау, айтып тұрғаның не, босқа мазасызданба, тыныштал, соғыс болмайды», – дегем. Сөйтсем, қателесіппін, бүгін, міне, нағыз соғыс басталып кетті. Енді балам құсап, өзім еңіреп жылап отырмын», – деді ол соңынан.
Бұлардан басқа, тағы бір топ зиялылар осы соғысқа байланысты арнайы мәлімдеме жасады. Оған Дмитрий Быков, Чулпан Хаматова, Леонид Парфенов, Иван Вырыпаев, Владимир Мирзоев және басқалар қол қойды. «Біз Владимир Путинің мәлімдемесіне сенбейміз», – десті қайраткерлер.
«Ресейдің Украинаға қарсы бастаған соғысы – масқара! Бұл – біздің масқарамыз, бірақ, өкінішке орай, осы үшін жауапкершілікті көтеру талабы әлі жап-жас немесе енді өмірге келетін біздің балаларымызға дейін таңылады. Біз өз балаларымыздың басқыншы елде тұрғанын, әскерлеріміздің тәуелсіз көрші елге шабуыл жасағаны үшін ұялғанын қаламаймыз. Біз Ресейдің барлық азаматтарын соғысқа қарсы шығуға шақырамыз. Біз тәуелсіз Украинаның Ресейге немесе басқа кез келген мемлекетке қауіп төндіргеніне сенбейміз. Біз Владимир Путиннің украин халқының «ұлтшылдар» билігі астында жүргендері және олардың «азат етілуді» қажет етіп отырғандары туралы мәлімдемесіне сенбейміз. Біз бұл соғысты тоқтатуды талап етеміз», – делінген мәлімдемеде.