Қызылордадағы «қыл көпірге» билік неге бей-жай қарайды?
ҚЫЗЫЛОРДА. 17 ақпан. Қызылордада қала шетіндегі «Бәйтерек» шағын ауданына апаратын өткел бірнеше жылдан бері жергілікті тұрғындарды қатты алаңдатып отыр. Бұл туралы «Экспресс и К» хабарлады.
«Осыдан 8 жылдай бұрын қала шетінде бой көтерген Бәйтерек шағын ауданы мен қала орталығын жалғап жатқан көпір тұрғындардың басты мәсеселесіне айналды», – делінген хабарламада.
Қала орталығы мен шағын аудандар арасында әнаһар, яғни терең шұңқыр сай бар. Жұрт оның үстіне салыған бетон өткел арқылы екі жаққа қатынайды. Бірақ оны «көпір» деп атау қиын. Себебі, арна бетіне қойыла салынған бетон тақталардың екі қапталында да қорғаныш белдеулері жоқ, тұттай жалаңаш. Үстінен жүру өте қауіпті. Одан өтіп жүрген талай адам құлап, жазым бола жаздаған. Сондықтан да жұрт оны «қыл көпір» деп атап кеткен.
Ал әкімдердің уәде беріп келе жатқанына неше жыл болыпты. «Әне саламыз, міне саламыз дей береді. Өзімізді қыл көпірдің үстінде жүргендей сезінеміз. Өтірік уәдеге тойдық. Біреу құлап өлмесе, бұлар көпір салмайды-ау», – дейді Асхат есімді тұрғын.
Күніне осы қыл көпірден жүздеген адам өтуге мәжбүр. Еңкейген қарт та, мектепке баратын балалар да осы жолмен қатынайды. Өйткені, айналма жолдың қашықтығы алты шақырым. Оның үстіне мұнда қоғамдық көліктер де қарастырылмаған. Сондықтан жаяу жүргіншілер амалсыз осы қауіпті өткелмен өтеді. Ал қала әкімдігі «Бәйтерек» шағын ауданының қатынас жолын жақсартуға енді ғана көңіл бөле бастаған сияқты.
«Бәйтерек» шағын ауданы тұрғындарының қала орталығына қатынасын жақсарту мақсатында 2021 жылы қалалық бюджеттен қаражат бөлініп, жоба-сметалық құжаттары дайындалды. Қазіргі таңда жобаны мемлекеттік сараптамадан өткізу үшін, құжаттар ұсынылды», – деп мәлімдеді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміндегілер.