«Хабар» қаңтар қырғынына қатысқан радикалдарды атады
АСТАНА. 27 қаңтар. «Хабар» телеарнасы қаңтарда Алматыда орын алған қанды қырғынды бастап берген радикалды ұйымның атын атады. Бұл туралы «Орда.kz» хабарлады.
Телеарнаның мәліметінше, қаңтар қырғыны бойынша қолға түскен бұзақылардың қатарында «Йакын Инкар» атты радикалды ұйымның Қазақстандағы жақтастары да бар.
«Оларда қару-жарақ, граната, патрондар, діни уағыз кітапшалары мен әдебиеттер болған» делінеді телерна түсірген деректі фильмде.
«Йакын Инкар» – Қазақстан экстремистік ұйымдар қатарында саналатын «Таблиғи Жамағаттың» бір қанаты. «Йакын Инкардың» мүшелері өздерімен қатар басқа діннің тіршілік ету үрдісін үзілді-кесілді жоққа шығарады, яғни олардың болуына жан-тәнімен қарсылық білдіреді. Қазақстан Бас прокуратурасы 2018 жылы оның діни экстремистік қозғалыстар санатына жататынын анықтап берді.
Фильмде сондай-ақ Алматыға «20 мыңнан астам қарақшының шабуыл жасағаны» жайлы тағы да атап көрсетіледі. Бірақ олардың қайдан және қалай сау ете қалғандары ашып айтылмайды.