Жаңаөзендіктер полиция жүгенсіздігін тоқтатуды талап етті (видео)
ЖАҢАӨЗЕН. 22 қаңтар. Жаңаөзен жұрты осы күндері полицейлер тарапынан болып жатқан жүгенсіздіктерге тыйылым жасалмаса, қайта көтерілетіндерін жариялады. Бұл туралы ҚазТАГ хабарлады.
Жаңаөзендіктер осыған орай Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу арнап, мына бейбастақтықтарды жедел тоқтатуды талап етті. Олай болмаған жағдайда түбек жұрты жаңа шеруді бастап кетеді.
«Біз, Жаңаөзен қаласында орналасқан «Кезби» ЖШС қызметкерлері, Қазақстан Республикасының Конституциясына сүйене отырып, бейбіт шеруге шыққан қарапайым халыққа қатысты жасалып жатқан азаптаулар мен қорлауларды тоқтатуды талап еткен видео жаздық. Егер оларды қудалау тоқтамайтын болса, заңнамаға сәйкес ертең бейбіт шеру өткіземіз», – делінген соңғы кездері тараған видеоүндеулердің бірінде.
Жұмысшылар өз сөздерінде Тоқаевтың бұған дейінгі әрбір үндеуін мұқият тыңдағандарын айтты.
«Бұл жолдауларда сіз бейбіт шерулерге қатысқан заңға құлақ асқыш жұртқа алғыс айтып, оларға тимеу жөнінде тиісті органдарға тиісті тапсырмалар бедіңіз, алайда, күштік құрылымдар өздерінің уәкілеттіктерін асыра пайдаланып, жұртты үйлерінен әкетіп, өздері жасамаған көптеген қылмыстарды еріксіз мойындауға мәжбүр етіп жатыр, біз мұндайда көптеген деректерін әлеуметтік желілерден көріп біліп отырмыз. Сондықтан Қазақстан Республикасының кепілі ретінде қуғындау органдары тарапынан Қазақстан Республикасының азаматтарын қуғындау мен өздерін өздері қаралауға мәжбүр етулеріне тоқтаттыруды талап етеміз. Халық – лаңкестер емес!» – деп атап өтті жұмысшылар.
Еске сала кетейік, қаңтардағы қарсылық акциясыа шыққандарды жаппай ұрып-соғу, азаптау мәселелері Еуропарламенттің арнайы қарар қабылдауына бірден-бір себеп болып отыр. Онда Қазақстан полицейлерінің жүгенсіз тергеу әрекеттеріне қатаң баға беріліп, ел билігін мына бейбастақтықтарды тоқтауға шақыру орын алған. Ал Қазақстан Сыртқы істер министрлігі бұған алдын ала қаралау сипаты бар деді де қойды.