Түрмеде отырған бұрынғы облыс әкіміне балалары ән арнады
АЛМАТЫ. 17 қаңтар. Осы уақытта түрмеде жазасын өтеп жатқан Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Қуанышбек Ысқақовқа балалары арнап ән салды. Бұл туралы «Экспресс К» хабарлады.
«Қазір түрмеде отырған Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Қуанышбек Ысқақовтың ұл-қыздары айтқан ән желідегі жұрттың жүрегін елжіретті», – деп жазады басылым.
Бейнежазбаны желіге Қуаыншбек Ысқақовтың қызы Айдана Досмайылова жариялады. Ол парақшасына «жүрегіміздегі үміт оты әлі де лаулап жанып тұр» деп жазды. Сонымен қоса жазбадан бұрынғы әкімнің қарт анасын да көруге болады.
«Сағыныштан сарғайған көңілімізге күш беретін тек осы жақсыға деген, өшпеген үміт пен әділдікке деген сенім. Біз біргеміз! Әділдіктің ақ туы желбірейтін күніміз жақын, болашағымыз жарқын болғай!», – деп сөзін жалғайды Айдана.
«Осындай керемет жанұясы бар Қуанышбек ағай бақытты. Отбасына тезірек оралсын», «Қуанышбек Досмаилұлының қандай азамат екенін білеміз. Әділдік оты алаулауына сенеміз» деп пікір қалдырыпты желі қолданушылар.
Еске сала кетейік, Қуанышбек Ысқақов 2019 жылдың маусым айынан 2020 жылдың наурызына дейін Қызылорда облысының әкімі болды. Ол Арыстағы жарылысқа жиналған қордан 80 миллион теңге жымқырды деген айыппен 7 жылға сотталған болатын.