Белград: Біздің құрамадан алғашқы «шығынның» ұшы көрінді
БЕЛГРАД. 27 қазан. Сербияның астанасы – Белград қаласында өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатының бүгінгі сессияларында қазақстандықтар сапынан бірінші спортшы жарыс жолынан шығып қалды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Сонымен, бүгін біздің екі боксшымыз рингке шығып, біреуі ұтты, екіншісі жеңілді.
Алдымен жеңімпаз жайлы айтайық. Реті бойынша оның өзі де ұрысты командалас әріптесінен бұрын өткізді. Ол – 71 кг салмақтағы Асланбек Шымбергенов ирандық Фархад Моради Аташгахпен ұрысын бірінші раундта-ақ аяқталды. Жекпе-жек парсы спортшысының қабағы жарылып кетуіне байланысты мерзімінен бұрын тоқтатылды. Сол кезге дейін қазақстандық саңлақ ұпай санымен алда тұрғандықтан, жеңіс соған берілді.
Ал келесі ұланымыз – 86 кг салмақтағы Бек Нұрмағанбетовтің рингте өзін ұстап жүруіне сүйсіне қараған бірде-бір қазақстандық жанкүйер болмаған шығар, сірә. Ол салғаннан өзінің тым жайбарақат қимылымен жұрттың бәрін таң қалдырды әрі қатты қынжылтты. Сабаздың мына әрекетіне қарағанда, өзі Белградқа не үшін барғанын да ұмытып қалса керек. Соның нәтижесінде барлық раундта бразилиялық Кено Мачадоға 0:5 есебімен ұтылды. Орысша айтқанда, «бесславно проиграл». По всем параметрам. Тіпті ұтайын деген ниеті жоқ екенін шайқас біткенше білдіріп бақты. Тек соңғы раундта ғана қимылдап жүргендей кеспір көрсетті. Бірақ қарсыласынан аса алмады.
Ендеше, тап осындай жігерсіз боксшыны әлем чемпионатына апарудың қандай қажеттілігі болды? Оған қарағанда, қарсыласы әлдеқайда әлеуетті, ақылды, саналы сезілді. Кезінде кубалық, ресейлік, британиялық мықты боксшылардың өзін бет қаратпай жеңіп жүрген Бек кәсіпқойлар боксының ауласын көргеннен кейін бұрынғы дағдылары мен машықтарынан түгел айрылып қалған сияқты. Ел ішіндегі бірде-бір турнирге, республика чемпионатына қатыспай келген мұның енді жаһандық жауапты жарысқа қандай принциппен апарылғаны бізге түсініксіз.
Тағы бір мәселе, үзіліс арасында жеңіліп жатқаны соқырға таяқ ұстатқандай болып көрініп тұрған шәкірттеріне жандарын салып ақыл айтып, жігерлендіріп, қайрап салып, намысын шабақтап тұрған шын жанашыр жаттықтырушыларды да байқамадық. Құраманың бас жаттықтырушысы Қайрат Сәтжанов оның басына сарылдатып салқын су құйғаннан арыға бара алмады. Күйініп тұрған ол жоқ. Тіпті тура шәкірті секілді жайбарақат, қаннен-қаперсіз… Су құйысында мін жоқ. Ал шәкірті бәрібір қатырмады…
Айтқандай, сол бас бапкер чемпионат қорытындысында командалық есепте бірінші орын аламыз деп жұтынып кеткен екен. Оның мұндай зор мәлімдемені неге сүйеніп айтқаны да белгісіз. Бір спаррингтен кейін терме жамағатқа жинап апара салған жігіттердің нендей жетістікке жете аларын турнирдің соңы көрсетер. Өз басымыз бүгінгі «тегін жеңілісті» тырсиып келген түйіннің тарқатылуының басы шығар деген ойдамыз. Шамамыз екінші, үшінші айналымнан кейін-ақ аңғарылып қалатынға ұқсайды. Лайым, біз-ақ қателескен болайық. Бірақ мына құраманың мық шегедей мықты боларына көңіл онша сене алмай тұр.
Бүгінгі күннің тағы бір «тамашасы» – 86 кг салмақта рингке шыққан өзбек құрамасының дебютанты Шохжахон Абдуллаевтың 2-раундта бельгиялық Виктор Шелстраетеден терең нокаутпен жеңілуі болды. Мұның да бекер емес екеніне көп ұзамай көз жеткізетін болармыз. Біздің жобамызда: бірінші орын үшін таласқа Өзбекстан мен Қазақстан қатыса алмайды, ол текетірес Куба мен Ресей боксшылары арасында ғана өтеді.