Жаңалықтар жаңғырығыОқиға

Қырғыз-тәжік шекарасында оқушылар төбелесті

БАТКЕН. 24 қыркүйек. Қырғызстан мен Тәжікстанның шекара аймағында мектеп оқушылары арасында келіспеушілік туып, аяғы төбелеске ұласқан. Бұл туралы «Азаттық» радиосы хабарлады.

Қырғызстанның Баткен облысының әкімі Учкун Жоробаев төбелес кезінде төрт қырғыз оқушысының жарақат алып қалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, оқиға 23 қыркүйекте сағат 13:00 шамасында Баткен ауданы «Көк-Таш» ауылының Дахма деген жерінде болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, Қырғызстанның 8-сыныпта оқитын төрт оқушысы мектептен қайтып келе жатқанда, Тәжікстанның 11-сыныбының 30-ға жуық оқушысы оларға жабылып кеткен. Ересек әрі саны көп балалар қырғыз балаларын осылайша соғып тастаған.

«Оқушыларға алғашқы медициналық жәрдем көрсетіліп, ауруханаға жеткізілді. Қазір жағдайы жақсы», – дейді Жоробаев.

Осы оқиғадан кейін Баткен ауданының әкімі, арнайы қызмет өкілдері Тәжікстанның Исфара ауданы басшысымен және құқық қорғау органдары өкілдерімен кездескен. Нәтижесінде екі тарап тұрғындаржолығып, түсіндіру жұмысын жүргізуге және тәртіп бұзғандарды заңға сәйкес жазалауға келіскен.

Бұл оқиға бойынша Тәжікстан тарапы әлі ресми түсініктеме берген жоқ.

Соңғы уақытта Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасы маңында жанжалдар жиілеп кетті. Биыл көктемде шекара маңындағы елді-мекенде қарулы қақтығыс болып, Қырғызстан тараптан 36 адам қайтыс болып, 180-нен астам адам жарақат алған. Тәжікстан 19 адам қайтыс болып, 87-сі жарақат алды деп хабарлаған. Осыдан кейін Қырғызстан біржақты шекарасын жапқан. Содан бері әлі ашылған жоқ.

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button