Токио кілемін дүр сілкіндірген Айпери медальсыз қалды
ТОКИО. 3 тамыз. Токио Олимпиялық ойындарында беделді қарсыластарының біразын жарыс жолынан шығарып тастаған қырғыздың палуан қызы Айпери Медет қызы соңында қола медальге қол созым жерде тоқтап қалды. Бұл туралы K-News.kg хабарлады.
Әйелдер күресінде салғаннан атойлаған Айпери 74 килоға дейінгі салмақта сынға түсті. Ол өзінің бірінші белдесуінде Рио-де-Жанейро Олимпиадасының қола жүлдегері, Азияның 2021 жылғы чемпионы, Азия ойындарының бірнеше дүркін жүлдегері қазақстандық Эльмира Сыздықованы 8:1 есебімен ұтты. Бұдан кейін ширек финалда Лондон Олимпиялық ойындарының чемпионы, Рио-де-Жанейро Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлемнің екі дүркін чемпионы ресейлік Наталья Воробьеваны 12:0 етіп жеңді. Бірақ жартылай финалда АҚШ өкілі Аделайн Грейге 2:3 есебімен жол беріп алды. Соңынан үшінші орын үшін таласта түрік қызы Ясеми Адаға есе жіберіп қойды. Сөйтіп, турнирді өте күшті бастаған қырғыз қызы қола медальге қол созым жерде тоқтап қалды.
Алайда, Айпери Медет қызының жартылай финалдық белдесуінен кейін жанкүйерлердің көп бөлігі оның Грейден ұтылғанына күмәнмен қарады. Олар кілемдегі испаниялық реферидің америкалық палуанға бұра тартқанына шүбә келтірмеді. Бас жаттықтырушы Нурбек Изабеков төрешінің Айпериге бір немесе екі балл беретін жерлерде сараңдық танытқанын қалғанын алға тартты. Ал кейінірек Қырғызстанның олимпиялық спорт түрлері дирекциясының директоры Нурлан Исмаилов рефери шешімінің дұрыс болғанын атап өтіп, белдесудің нәтижесі жөнінде апелляция беруден бас тартты.