Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Құрбан Бердыев Ресей құрамасының бас жаттықтырушысы бола ма?

МӘСКЕУ. 17 шілде. Футболдан Ресей құрама командасының ендігі бас жаттықтырушысы Құрбан Бердыев болуы әбден мүмкін. Бұл туралы «Спорт-Экспресс» хабарлады.

Қазанның «Рубин» командасының бұрынғы бас жаттықтырушысы соңғы кездері отбасысымен бірге Алматыда тұрып жатқан еді. Осында ол Мәскеуден шақырту алып, кеше сонда ұшып кетті. Ол бүгін Ресей Футбол одағы (РФО) басшыларымен келіссөз жүргізеді.

«Мутко против» telegram-арнасының хабарлауынша, түрікмен маманы кеше Қазақстаннан шығып, Мәскеуге бет алған.

РФО-ның Бердыевты Ресейге қайтару жөніндегі вариантты қарастырып жатқаны 15 шілдеде белгілі болды. Әзірге онымен контрактінің 2022 жылы желтоқсан айында Катарда өтетін әлем чемпионаты аяқталғанға дейін жасалатыны жайлы да болжам айтылып жатыр.

Ресей құрамасының бұған дейінгі бас жаттықтырушысы Станислав Черчесов Еуро-2020 чемпионатының қорытындысы бойынша жақында орынтағынан кетті. Онда да одақ қоғамның қарсылығына байланысты осындай шешім қабылдауға мәжбүр болды. Ол команданы 2016 жылдан бері басқарып келе жатыр еді.

Ал Құрбан Бердыев «Рубин» командасын екі рет Ресей чемпионатының алтын жүлдегері ете білді.

Құрбан Бердыевтың футболшы ретіндегі ең негізгі мансабы Алматының «Қайрат» командасында өтті. Оны Ашхабадтың «Колхозчи» командасында жүрген жерінен кезінде белгілі маман Тимур Сегізбаев Алматыға алып келген еді. Футболшылық өмірбаяны аяқталғаннан кейін Жамбылдың «Химик» командасының тізгінін алу арқылы жаттықтырушылық жолға түсті. Бірақ бұл саладағы барлық жоғары жетістіктеріне Ресейде қол жеткізді. Ол көрші мемлекетте болған жылдардың бәрінде отбасысы Тараз қаласында тұрды. Кейін Бердыев семьясын Алматыға көшіріп әкелді.

 

Біздің анықтама

БЕРДЫЕВ Кұрбан Бекиоглы (25.08.1952, Ашхабад қ. Түрікменстан). Азаматтығы: КСРО, Түрікменстан, Ресей. Жартылай қорғаушы. КСРО спорт шебері (1980). Жаттықтырушы. Спорт функционері. «Строитель» Ашхабад спорт мектебінің түлегі. Мына командаларда ойнады: «Строитель» Ашхабад (1971-1974, КСРО чемпионатының бірінші лигасында 96 матч, 6 гол, КСРО Кубогы үшін 6 матч), «Колхозчи» Ашхабад (1976, 1978, КСРО чемпионаттарының бірінші лигасында 76 матч, 13 гол, КСРО Кубогы үшін 2 матч), «Қайрат» Алматы (1977, 1981-1982, 1984-1985, КСРО чемпионаттарының жоғары лигасында 120 матч, 20 гол, КСРО Кубогы үшін 13 матч, 2 гол, 1983, КСРО чемпионатының бірінші лигасында 39 матч, 13 гол, КСРО Кубогы үшін 2 матч, 1993, Қазақстан чемпионаты премьер-лигасында 1 матч), СКА Дондағы Ростов (1979-1980, КСРО чемпионаттары жоғары лигасында 35 матч, КСРО Кубогы үшін 9 матч, 1 гол). Сондай-ақ Тольяттидің «Торпедосының» қосалқы командасында (1971, КСРО екінші лигасы), «Строитель» Ашхабад (1975, КСРО екінші лигасы) ойнады. Ресей құрамасы сапында 1 ойын өткізді.1991 Мәскеуде Жаттықтырушылардың жоғары мектебін бітірді. «Химик» Жамбыл (1986-1989), «Генчлер бирлиги» Анкара (Түркия, 1992-1994), «Қайрат» Алматы (1994-1995), «Мұнайшы» Ақтау (1996), «Ниса» Ашхабад (1998-1999), «Кристалл» Смоленск (2000-2001), «Рубин» Қазан (2001-2013, 2017-2019), «Ростов» Дондағы Ростов (2014-2016), командаларының бас жаттықтырушысы, «Қайрат» Алматы (1991-1992) командасының жаттықтырушысы, «Рубин» Қазан (2004-2012), «Ростов» Дондағы Ростов (2016-2017) клубтарының вице-президенті, «Ростов» Дондағы Ростов (2016-2017) командасының жаттықтырушы-кеңесшісі болды. 1999 жылы Түрікменстан құрамасын жаттықтырды. Бас жаттықтырушы ретінде Түрікменстан чемпионы (1998/1999), Түрікменстан Кубогының иегері (1998), Ресей чемпионы (2008, 2009), Ресей Суперкубогының иегері (2010, 2012), Ресей Кубогының иегері (2011/2012), Достастық елдері чемпиондары Кубогының иегері (2010), Ресей чемпионатының күміс жүлдегері (2015/2016), Ресей чемпионатының қола жүлдегері (2003,2010). РФО версиясы бойынша Ресейдің үздік жаттықтырушысы (2009).

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button