Мәскеуде қырғыздар мен тәжіктер қыздар үшін қырылысты
МӘСКЕУ. 13 шілде. Мәскеуде мигрант қырғыз және тәжік жастары топ болып төбелесті. Бұл туралы «Московский комсомолец» хабарлады.
Басылымның ақпарынша, жаппай төбелестің басы 11 шілде күні басталған. Қырғызстаннан келіп, курьер болып жұмыс істеп жүрген үш жігіт бірнеше қырғыз қызының тәжік жігіттерінің ортасында отырғанын көріп, оларға ескерту жасайды. Сол-ақ екен, бұған жауап ретінде тәжіктер бұларға пышақ ала жүгіреді. Сол төбелесте қырғыздардың бірі пышақ жарақатын алып қалып, артынша ауруханаға түседі.
Оқыс оқиға туралы дабыл тез арада екі ұлт өкілдерінің диаспораларына жетеді. Артынша мессенджерлерде Қырғызстан азаматтарын өз жерлестерінің кегін қайтаруды ұсынған чаттар пайда болады.
Шілденің 12-сінен 13-іне қараған түні метроның «Кузьминки» станциясы жанына екі жүзге жуық мигрант жиналып, жаппай төбелеске қатысады. Оқиға орнына Росгвардия қызметкерлері келеді. Төбелеске қатысқандардың 94-і ұсталды.