Сегіз жасар оқушы қыз тест тапсырып, орта мектепті бітірді
МӘСКЕУ. 12 шілде. Мәскеуде тұратын Алиса Теплякова деген 8 жасар оқушы қыз мектепті бітіріп, 11 сыныпты тауысқаны туралы аттестат алды. Бұл туралы lenta.ru хабарлады.
Кішкентай қызға 25 маусымда осындағы №626 мектепте бітіргені жөніндегі аттестат тапсырылды. Ол 7 жасында 9-сыныпты бітіргені туралы аттестатқа қол жеткізіпті. Содан кейін 11-сынып пәндері бойынша сынақ тапсырыпты. Бірақ техникалық себептермен тек бір жылдан кейін ғана құжатын алып отыр екен.
«Бізге 9-сынып бітіргеніміз жөніндегі аттестатты басып шығарып үлгермеді. Сондықтан орта білім алушылар базасына кірмей қалдық. Әйтпесе, Алиса оның емтихандарын бұдан бір жыл бұрын тапсырып қойған болатын», – дейді қыздың әкесі Евгений.
Алиса физика, информатика, орыс тілі, математика, биология және химия пәндері бойынша тест тапсырған, ал қалған пәндердің бағалары қорытынды диагностика бойынша қойылған.
Алисаның әкесінің айтуы бойынша, оған тест тапсыру үшін бүкіл білім бағдарламаларын оқып шығуға тура келген. Бәрінен қиыны дайындықсыз, «ойын ережелерін» білмей тұрып емтихан тапсыру болыпты.
Сегіз жасар қыз енді МГУ-дің психология факультетіне түсіп оқығысы келеді, алайда, экология мен биоинформатикаға қатысты басқа бағдарламаларды да қарастырмақшы.
Бұрын Алиса үшінші сыныптың ең жас оқушысы ретінде тіркелген болатын. Содан соң 11-сыныптың бағдарламасын толық игеріп шыққан 9-сыныптағы ең жас оқушы болды.
Алиса өзінің өзге де алты ағасы мен әпкелері сияқты сабақты үйде оқиды. Отбасында жалпы жеті бала бар. Бұл үйдің тағы бір қызы Ресейдің ең жас мектеп оқушысы болса, жеті жастағы інісі Хеймдаль тест тапсырып,9-сыныптың аттестатын алып қойды.