Гулнара Каримованың адвокаттары БҰҰ-ға шағым түсірді
ТАШКЕНТ. 9 маусым. Өзбекстаннның бұрынғы президентінің қызы Гулнара Исламқызы Каримованың адвокаты БҰҰ-ның жұмыс тобына оның заңсыз қамалып жатқанын айтып, ресми шағым түсірді. Бұл туралы CentralAsia.uz хабарлады.
Адвокаттар БҰҰ-дан Каримованың түрмеде заңсыз отырғанын мойындауды сұрайды.
Ресми коммюникеде адвокат Грегуар Манж үйқамақта отырған Гулнара Каримованың 2019 жылы жалпы режимдегі әйелдер колониясына ауыстырылғаннан кейін іргелі құқықтары тұрақты түрде бұзылып келе жатқанын атап өтеді.
«Гулнара Каримова 2014 жылғы ақпанда өзі ұрлатып әкетілгеннен кейін бірінші сотты 18 айдан астам уақыт күтті. Үш қылмыстық процесс қолдан құрастырылды, олардың бәрі жабық есіктің арғы жағында өтті, Каримова өз адвокаттарымен кездесу және өзіне қатысты қылмыстық іс материалдарымен танысу құқынан айырылды», – делінген адвокаттар үндеуінде.
«Біз өз практикамызда қамауға алынған адамның асүйде қарулы кісілердің қоршауында сотталғанын бірінші рет көрдік! Өзбекстан режимі Гулнара Каримоваға қатысты рахымсыз және қатаң тәсілдер қолдануда. Ол толық оқшауландыруда отыр. Біз Өзбекстан билігін өзінің халықаралық міндеттемелерін орындап, Гулнара Каримованы сөзге келместен түрмеден босатуға шақырамыз», – деп тұжырым жасайды швейцариялық үш адвокат.
Олар өз үндеулерінде сондай-ақ өзбек соттарының «негізсіз» үкімдеріне қарсы ештеңе білдірмеу арқылы әділетсіздікке көз жұма қараған Батысты, соның ішінде Швейцария әділет органдары жүйесін айыптайды.
БҰҰ-ға жөнелтілген үндеуде Батыстың Өзбекстандағы адам құқықтарын бұзушылықты айыптаудың орнына, ондағы әрекеттерді заңды етіп көрсетушілік бар екені, мұның Гулнара Каримова секілді тұтқындарға жан-жақты қысым көрестіле беруіне негіз болып отырғаны атап өтіледі.
Ташкент облысы Зангиата ауданындағы №21 әйелдер колониясында жазасын өтеп жатқан 49 жастағы Гулнара Каримова биылғы наурызда сыртқа өзінің түрмедегі азап көрсетулер жайлы жазған өлеңдерін жіберді.
Содан кейін осы жылғы сәуірде 13 жылдық түрме мерзімін өтеп жатқан анасымен кездесу үшін Лондоннан Ташкентке ұшып келген оның қызы Иман Каримова Instagram-дағы парақшасында әйелдер колониясының бастығы Гульхаё Каримованың бұған рұқсат бермегенін жазды.