Қарақалпақтар өзбек әншісі Юлдуз Усманованы сотқа берді
НӨКІС. 8 маусым. Қарақалпақ тілінде шығатын «Ел қизметинде» газетінің бас редакторы Султанбек Зияев белгілі өзбек әншісі Юлдуз Усманованы сотқа берді. Бұл туралы «Озодлик» радиосы хабарлады.
Журналист өзінің талап-арызында әншіден «қарақалпақтар – өзбектердің шапанынан шыққан халық» деген мәлімдемесі үшін кешірім сұрауды талап етіп отыр. Мұны Юлдуз Усманова 2020 жылы Zo`r TV телеанасындағы «Сиз билан» («Сізбен бірге») хабарында айтқан екен.
Басылымның заңгері Даврон Тожимуродовтың айтуынша, Ташкенттің Мирзо Улугбек ауданаралық азаматтық істер жөніндегі соты осы айдың басында талап-арызды қабылдап алыпты. Сот хатшысы «Озодлик» тілшісіне соттың «арызды қабылдап алғанын, алайда, процестің басталатын уақыты белгісіз» екенін хабарлапты. Оның сөзіне қарағанда, талап-арызда әнші Юлдуз Усмановағы Өзбекстан Қылмыстық кодексінің 140-бабы («Қорлау») бойынша айыптау таңылған.
«Ел қизметинде» газетінің бас редакторы Султанбек Зияевтың мәлімдеуінше, талап-арыздың берілгеніне бес ай уақыт өткен.
Қарақалпақтар не үшін ренжіп жатыр?
Өзінің аты-жөнін айтуды жөн көрмеген телеарнаның бір техникалық қызметкері журналистерге Юлдуз Усманованың «Сиз билан» хабарында не дегенін баяндап берді.
«Қыстыгүні Юлдуз Усманованың «Сиз билан» хабарына қатысты. Сценарийге сәйкес, жүргізуші екі ауыз сөз айтқасын, әншіден өз әнін айтып беруді сұрауға тиіс болатын. Ал Усманова фонограммамен «Қорақалпоғимсан, сени Мажнун бўлиб суярмиз» («Қарақалпағымсың, сені Мәжнүн болып сүйермін» әнін орындауы керек еді. Алайда, әнші бірден әнді бастап кетпей, кіріспе орнына өз атынан бірер сөз айта бастады. Біз оған мән берген жоқпыз. Себебі, бұл әнде ол қарақалпақ халқын асқақтатты. Кейін жұртты оның «қарақалпақтар – өзбектердің шапаны астында жасырынып жатқан халық» деген сөзі ренжітіп тастағанын білдік», – деді телерна тілшісі.
Усманова шынында не деп еді?
Тақырыпты зерттеу барысында «Озодлик» тілшісі «Сиз билан» хабарында Юлдуз Усманованың нақты не дегенін анықтауға әрекет жасады. Сонда оның мынадай дегені белгілі болды:
«Сіздер елдің неге Қарақалпақстан атанғанын сұрайтын шығарсыздар? Онда өмір сүру мүлде оңай емес. Тіпті оңай емес. Бірақ бұл – Өзбекстанның құшағында, шапанының ішінде жатқан халық. Біз қарақалпақ халқы үшін жауаптымыз. Алдымен Алла алдында, сосын өзге халықтар алдында. Себебі, олар – біздің бір бөлшегіміз. Аралдың жартысы құрғап кетті. Олар ауыр жағдайда өмір сүріп жатыр, балықпен күн көруде. Олардың қаласы бар (саусағымен қаланың қандай кішкентай екенін көрсетеді – ред). Бірақ бізде алыстағы жерлерде киіз үйлерде тұратын халық та бар».
Дегенмен, «Ел қизметинде» газетінің бас редакторы Султанбек Зияев мен басылым заңгері Даврон Тожимуродов әншінің телехабарда айтқан бұл сөздерін «бүкіл қарақалпақ халқын қорлау, кемсіту» деп есептеп отыр. Ал Әмудария ауданының Маңғыт қаласында тұратын мұғалім Бахадыр Қутлимуратов әнші тек қана қарақалпақтарды ғана емес, сонымен қатар Қарақалпақстанда тұратын өзбектер мен қазақтарды да түйреп өтті деп біледі.
Алайда, мұндай пікірмен жұрттың бәрі келіспейді. Мысалы, осы өңірдің жағдайын жақсы білетін заңгер Марим Раджабов әнші Усманованың сөзінде қорлаудың ізі де жоқ дегенге қазық байлайды.