Оңтүстік Африка қыздары бірден бірнеше еркекке тие алады
ПРЕТОРИЯ. 17 мамыр. Оңтүстік Африка Республикасында бір әйелдің бір мезгілде бірнеше күйеуге шыға алатынындай жағдай туғалы тұр. Бұл туралы Jacaranda FM радиосы хабарлады.
«ОАР-да әйелдерге бір мезгілде бірнеше күйеумен тұрмыс құруға мүмкіндік беретін неке реформасы институтының заң жобасы жарияланды», – делінген хабарламада.
Елдің ішкі істер министрлігі заңнамаға енгізуді ұсынып отырған бұл өзгеріс әйелдер мен еркектер арасындағы құқықтық теңдікті қамтамасыз етуге бағытталыпты-мыс. Себебі, мұндағы заңнамада еркектердің бірнеше әйел алуларына рұқсат етілген екен. Мәселен, ОАР президенті Джейроб Зуманың қазір төрт әйелі бар көрінеді.
«Шешім полиандрияны – әйелдердің бірнеше күйеуге ие болу құқығын заңдастырып беруге бағытталған, ол гендерлік саясатты мұқият зерттеудің нәтижесінде пайда болды. Заң неке мәселесінде де ерлер мен әйелдерге бірдей қызмет етуі тиіс», – делінген заң жобасына берілген түсіндірмеде.
Бұл заң жобасы қазір қоғам талқысына түсті. Ол маусым айының соңына дейін талқыланады.