АҚШ Өзбекстан мен Тәжікстанға әскерлерін орналастырмақшы
ВАШИНГТОН. 11 мамыр. Құрама Штаттар Ауғанстаннан шығарылатын әскерлер контингентін Орталық Азияға, соның ішінде Өзбекстан мен Тәжікстанға орналастыруы әбден мүмкін. Бұл туралы Wall Street Journal газеті хабарлады.
Басылым Вашингтон бұдан әрі де Кабулға қолдау көрсетіп, «Талибан» радикалды қозғалысының содырларының екпінін басып отыру үшін ауған жеріндегі әскерлерін ғана емес, сонымен қатар беспилотниктерін, бомбардировщиктері мен артиллериясын тым алысқа әкетпей, іргелес жатқан Тәжікстан мен Өзбекстанның территориясына қалдыруы ықтимал екенін атап көрсетті. АҚШ үкіметі мен Пентагон өкілдерінің айтуларынша, болашақ дислокацияның ықтимал орындары Ауғанстанмен көршілес елдер, Парсы шығанағындағы мемлекеттер немесе Әскери-теңіз корабльдері болуы мүмкін.
Америка президенті Джо Байден әкімшілігінің өкілдері мен бірқатар әскери қызметкерлердің пікірлерінше, ең дұрысы әскерлерді Өзбекстан мен Тәжікстанға орналастыру болып шығар еді. Осылайша, әскерилер қажет болған кезінде ауған жеріне тез жетіп келе алады. Алайда, тағы бір мәнбелер бұл аймаққа Ресейдің «үлкен әскери күштерінің қатысы» болуына және Қытайдың бұларға ықпалы артып келе жатуына байланысты бұл вариантты аталған елдердің қабылдай алуы қиынға соғатынын алға тартып отыр.
АҚШ-тың Ауғанстандағы арнайы өкілі Залмай Хализад мамыр айында Өзбекстан мен Тәжікстанға арнайы барып, осы мәселені жергілікті жерде талқылап қайтты. Газет мәнбесінің айтуынша, Ташкент пен Душанбе аймақта зорлық-зомбылықтың кеңге жайылуын қаламайтындарын білдірген. Бұл – олардың әскер орналастыруға қарсы емес екендерін білдіреді.
Өздерін атап көрсетпеген ресми өкілдер де газет тілшілеріне әзірге АҚШ-та әлдеқандай бір әскери бөлімдерді Орталық Азияға орналастыру жөнінде нақтылы ұйғарым бола қоймағанын айтқан, қазіргі кезде АҚШ қорғаныс министрлігі бұл мәселенің егжей-тегжейін зерттеп жатқан көрінеді.