Қазанда мектепте орын алған атыста 13 адам қаза тапты
ҚАЗАН. 11 мамыр. Бүгін Татарстанның астанасы – Қазан қаласындағы мектепке белгісіз біреулер жасаған шабуылдан 13 адам қаза тапты. Бұл туралы ТАСС хабарлады.
Төтенше жағдай қаладағы Файзи көшесінде орналасқан оқу орнында орын алған. Белгісіз екі адам таңертең мектепке келіп кіріп, отты қарудан оқ жаудырған.
Нәтижесінде 12 оқушы мен 1 мұғалима қаза тапқан. Тағы 16 оқушы түрлі жарақатпен ауруханаға түскен.
Оқиға болған жерге күштік құрылымдар сарбаздары келіп, қаскөйлерді ауыздықтауға жедел кіріскен. Соның барысында жеті адамды кепілдікке алып отырған қаскөйдің бірі жойылған. Ал екіншісі терезеден секіріп, қолға түскен.
Қолға түскен 19 жастағы Ильназ Г. есімді жігіт болып шықты. Ол бұдан 4 жыл бұрын №175 мектепті бітіріп кеткен екен.
Оқиға өріс алып жатқан кезде мектепте 714 оқушы, 70 қызметкер, олардың 52-і педагог болған.