Тоқаев әскерилерді сыртқы қатерлерді қайтаруға дайын болуға шақырды
АСТАНА. 9 мамыр. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республиканың қарулы күштерін сырттан жасалатын қауіп-қатерлерге қарсы тұруға дайын болуға шақырды. Бұл туралы K-News.kg хабарлады.
Сарапшылар ірі державалардың қазіргі кездегі өзара текетіресі қырғи-қабақ соғыс жылдарындағы жағдайды қайта әкеліп отырғанын айтады. Жанжалдар ТМД елдері төңірегінен де туып жатыр. «Ескі дауларға жаңа таластар да қосылып, жағдай ушығып жатыр. Бұл бізді алаңдатады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы мұны әскери қызметкерлерге жоғары әскери және арнайы атақтар, сыныптық шендер тапсыру кезінде айтты.
«Сондықтан біз өзімізді өзіміз жұбата бермеуге тиіспіз, ұлттық қорғаныс ісіне темірдей тәртіп керек. Армия мен барлық күштік құрылымдар қашанда сыртқы қатерлерді қайтаруға дайын болуға тиіс», – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазір әлемде орын алып жатқан кең ауқымды катаклизм мен геостратегиялық тұрақсыздық жағдайында әскери қызметкерлердің ролі бірнеше есеге артып кететінін мәлімдеді.