БҰҰ: Адамзат алапат аштықтың алдында тұр
НЬЮ-ЙОРК. 6 мамыр. БҰҰ адамзаттың қауіпсіз азық-түліктің қатты жетіспеушілігі салдарынан аштыққа ұрынатын кезі жақындап келе жатқанын ескертті. Бұл туралы РИА «Новости» хабарлады.
«Соңғы бес жылдың беделінде қауіпсіз азық-түліктің айрықша жетіспеушілігі мен аман қалу үшін көмек сұрау проблемасына ұрынған адамдардың саны бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге жетті», – делінген хабарламада.
Қазір азық-түлік дағдарысымен күрес БҰҰ мен ЕО халықаралық альянстарының басты міндеттерінің біріне айналып отыр.
БҰҰ-ның арнайы дайындаған баядамасында жанжалдардың, экономикалық сілкіністердің, соның ішінде COVID-19 пандемиясы әкелген қиын жағдайлардың нәтижесінде адам баласының өмір сүру мүмкіндігі барған сайын азайып баратыны айтылған. Өткен 2020 жылы осындай қиындықтар мен күрделі жағдайлардың салдарынан әлемде кем дегенде 155 млн адам қатты аштықтың аранында қалып қойды.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы таратқан баяндамада миллиондаған адамдардың ендігі тағдырын шешкелі тұрған өзекті проблемалардың алдыңғы қатарында аштық пен ашаршылықтың бар екені ерекше атап көрсетілген. Аштықтың құрсауында қалушылар саны 2020 жылы 20 млн адамға өскен екен. Өткен жылы кемінде 28 млн адам «аштықтан өліп кетуге» бір қадамдай ғана жерде тұрған. Әлемнің 38 елінде немесе территориясында шұғыл араласып, көмек көрсетудің арқасында адамдарды аштықтан аман сақтап қалудың орайы келген.
Азық-түлік өнімдерінің жетіспеушілігі бұрынғысынша Африка құрлығында барынша өткір қалыпта. Алайда, бұл проблема Жер шарының басқа мүйістерінде орналасқан елдердің тағы бірқатарына да қатты қауіп төндіруде. Олардың қатарында Йемен, Ауғанстан, Сирия және Гаити секілді елдер бар. Азық-түлік дағдарысы айрықша тереңдеп кеткен тағы ондаған елдің аттарын атауға болады.