ҚЫЗЫЛОРДА. 2 қыркүйек. Қызылорда облыстық полиция департаментінің басшысы оқушыларға ақ жол тілеп, қауіпсіздік ережелерін түсіндірді. Бұл туралы Polisia.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Кеше Білім күніне орай Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Серік Ергешов Тәкей Есетов атындағы №264 мектептің «Алғашқы қоңырау» салтанатты жиынына қатысты.
Мектеп ауласында өткен мерекелік шарада департамент басшысы ұстаздар қауымын, ата-аналарды және оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, әсіресе алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерге ыстық лебізін жеткізді.
«Құрметті ұстаздар, ата-аналар, сүйікті оқушылар! Сіздерді Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын. Жаңа оқу жылы баршаңызға табыс әкелсін, талаптарыңызға нұр жауып, білім жолында үлкен жетістіктерге жете беріңіздер. Жас ұрпаққа сапалы білім мен тәлімді тәрбие беріп келе жатқан мұғалімдерге алғысымды білдіремін», – деді Серік Ергешов.
Ол өз сөзінде балалардың қауіпсіздігіне айрықша тоқталды. Бас полицейдің айтуынша, жаңа оқу жылының басталуына орай бұл мәселе Мемлекет басшысы мен Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында. Осыған орай мектептер мен оларға жақын аймақтарда патрульдеу күшейтілген.
Полиция басшысы оқушыларға жол қозғалысының қарапайым ережелерін сақтаудың маңызын түсіндірді. Жүргізушілерге жылдамдық режимін қатаң ұстанып, жол белгілеріне мұқият болуды ескертті. Сондай-ақ ата-аналарды балаларға жолда жүру ережелерін үйретіп, мүмкіндігінше мектепке бірге апарып, қарсы алуға шақырды.
USD




