АСТАНА. 18 тамыз. Президент тапсырмасымен кері қайтарылған активтер есебінен денсаулық сақтау саласына 176,8 млрд теңге қаржы қайта салынды. Бұл туралы Үкімет баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында Үкімет Бас прокуратурамен бірлесіп, елден заңсыз шығарылған активтерді қайтаруды шұғыл қолға алды. Қайтарылған қаражат халықтың аса қажетті әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерін шешуге бағытталып жатыр.
Министрлер Кабинеті осы қаржының есебінен денсаулық сақтау саласына қайта бөлінген 176,8 млрд теңгені құрайтын 191 жобаны мақұлдады. Осының нәтижесінде еліміздің барлық өңірінде, соның ішінде ауылдық жерлерде де заманауи денсаулық сақтау нысандары бой көтерді. Олар ауылық жерлердегі алғашқы медициналық-санитариялық көмекті көрсететін нысандардан бастап, ірі жоғары технологиялық медициналық кешендерге дейін қамтиды. Айталық, бүгінде Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында 200 орындық көп бейінді аурухананың, Ақтау қаласында жедел медициналық жәрдем стансасының, сондай-ақ «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 145 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысанының құрылысы аяқталды.
Қарағанды облысында жалпы құны 6,9 млрд теңге болатын 51 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысанының құрылысы мен реконструкциясы аяқталды.
Қостанай облысында Перелески ауылында дәрігерлік амбулатория және Жітіқара қаласында емхана пайдалануға берілді, Арқалықтағы облыстық аурухананы реконструкциялау жұмыстары жалғасуда.
Шығыс Қазақстан облысында Гематология орталығының құрылысы жүргізілуде.
Ауылдық медицинаны дамытудың бір мысалы – Қарағанды облысының Осакаров ауданында Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен төрт медициналық пункт пен бір дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді.
«Жаңа нысандардың арқасында ауыл тұрғындарының 3,5 мыңнан астамы алғашқы медициналық көмекпен қамтылды. Дәрігерлік амбулаторияда тексеруден бөлек, зертханалық қызметтер мен физиотерапиялық процедуралар көрсетіледі. Күндізгі стационарлар ашу жоспарлануда. Бұл ауруларды дер кезінде анықтап, шұғыл медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді», – деп түсіндіреді Қарағанды облысы Осакаров ауданының аудандық ауруханасының директоры Ольга Травнева.
Балқаш қаласында медициналық инфрақұрылымды дамытуға 1 млрд теңгеден астам қаражат бағытталды. Көп бейінді аудандық аурухана жанынан хирургиялық-ангиографиялық корпус салынып, балаларды оңалту орталығы ашылды. Жаңа мүмкіндіктер жедел қан тамырлары аурулары бар науқастарға көмек көрсету кезінде «алтын уақыт» қағидатын енгізуге мүмкіндік берді.
«Қайтарылған активтер қаражаты есебінен аудандық көп бейінді аурухананың корпусы салынды. Соның арқасында біз «алтын уақыт» қағидатын сақтауға қол жеткіздік. Бұған дейін жедел инфаркт алған науқастарды ауа райының жағдайына қарамастан, Қарағандыға 400 шақырым жерге жеткізуге тура келетін. Мұндай ұзақ жолға бәрі бірдей шыдай бермейтін. Қазір науқас жедел жәрдем көлігімен бірден бейінді бөлімшеге жеткізіледі. Ал қазір жарты сағат-бір сағатқа дейінгі уақыт ішінде қажетті медициналық араласуды жүргізе аламыз. Ашылған сәттен бері 138 медициналық манипуляция, оның ішінде коронарография және церебралды ангиография жасалды. 12 науқасқа стенттеу жүргізілді», – деді Балқаш қаласының көп бейінді ауруханасының директоры Серікбол Түсіпбеков.
Өңірлердегі заманауи медициналық инфрақұрылым пациенттер үшін ғана емес, жас мамандар үшін де жаңа мүмкіндіктер жасайды. Ауруханаларды заманауи жабдықтармен қамту және жүргізілетін операциялардың спектрін кеңейту дәрігерлерге қажетті тәжірибе алуға және жергілікті жерлерде кәсіби дамуға мүмкіндік береді. Өткен жылы ғана медициналық жоғары оқу орындарының 10,5 мың түлегінің 3,5 мыңы ауылдық жерлерде жұмысқа орналасты. Бұл – бір жыл бұрынғыдан екі есе көп.
«Жас мамандар үшін бүгінде аудандарда жұмыс істеу үшін жақсы жағдайлар жасалуда: көтермеақы, тұрғын үй және кепілді жұмысқа орналасу қамтамасыз етілуде. Шетелде оқығаннан кейін мен қайтып оралып, алған білімімді осында қолдануды шештім. Аймақтық ауруханада жас хирургтың заманауи жабдықтармен жұмыс істеуге, күрделі операциялар жасауға, тәжірибе жинауға және сонымен бірге шұғыл емдеуге мұқтаж адамдарға көмектесуге мүмкіндігі бар», – деп атап өтті рентген-эндоваскулярлық хирург Олжас Серік.
USD




