Лидия Кәденованы танып-білгелі қай заман. Бұл – біздің жастық дәуіріміздің актрисасы. Қимас кезеңіміздің бөлінбес бөлшегі. Алматы мен Астанаға қоныс тепкен қырық жылдың ішінде қаншама өнер адамымен жақын араласыппыз. Бірқатарының шығармашылығын талдап-таразылап қалам тербедік. Бірақ ауылымыздың іргесінде туып-өскен әдемі әпкеміз, Арал мен Ырғыздың адамдарынша айтқанда, ардақты апамыз Лидия Кәденовамен жолығысып та көрмеппіз. Сырттай тілеулес болдық. Теледидарға телмірдік. Кинодан көрдік. Театрдан тамашаладық. Алайда кездесудің сәті түспеді.
«Тамашаның» тарландары» деген толымды тіркес әлдеқашан ұлттық брендке айналды. Сол тарландарыңыдың өзі саусақпен санарлық еді. Тұңғышбай Жаманқұлов, Құдайберген Сұлтанбаев, Лидия Кәденова, Мейірман Нұрекеев, Тоқсын Құлыбеков, Шолпан Байғабылова, Уәйіс Сұлтанғазин, Кәдірбек Демесінов, Бақыт Айтова… Бұл лекке қосылған кейінгі толқын туралы соңыра асықпай айтармыз.
Бұлар өнердің бағасы биік кезінде ел алдына шықты. Ол кезде бүгінгідей дүмбілездер дүрбелеңінің ыңқыл-сыңқылы мен қиқыл-шиқылына ешкім де пысқырып қарамайтын. Дауысы таза, дарыны даусыз, ой-өрісі кең, танымы терең әртістер мен әншілер ғана талассыз мойындалып, мыңдардың арасынан іріктеліп, көрерменнің шексіз сүйіспеншілігіне бөленетін. Теңдессіз талант Лидия да сондай өнер тарланының бірі болды.
«Тамашаның» жұртты жіпсіз байлайтын интермедиялары мен скетчтеріндегі Құдайберген – Лидия тандемі талайды таң қалдыратын. Бір-бірінің сөзін емеуріннен түсінеді. Айтайын дегенін қас-қабағынан аңғарады. Ол екеуінің беріле ойнайтыны соншалық, тіпті кейде өмір мен сахнаның айырмасын аңғара алмай қаласың.
Қазақ сахнасындағы тағы бір бренд – Лидияның күлкісі. Шынайы күлкі. Сыңғыр күлкі. Күміс күлкі. Көрерменге ұнайтын күлкі. Ешкімнің күлкісіне ұқсамайтын ерекше күлкі. Күміс күлкі – әйгілі актрисаның көп қырлы өнерінің компонентіне кіретін күлкі. Әуезін әрлей, сәулетін сәндей түсетін күлкі. Ұлт әдебін әдіптейтін, әсемдікті әспеттейтін күлкі. Тек оның өзіне ғана жарасатын әдемі күлкі.
Қазақ телевизиясының алтын қорындағы «Жын» дейтін интермедия – әртістердің шебер ойнағанын былай қойғанда, күні бүгінге дейін мән-мазмұнын жоғалтпаған қойылым. Мұны біз жүз рет, бәлкім, мың рет қайталап көрген шығармыз. Қанша қарасаң да, жалықпайсың. Ертеректе түсірілген пленканың ескіргеніне, сандық жүйеге көшірілсе де, уақыт дөңгелегіне қажалып, ептеп тозыңқырағанына қарамастан, тартымдылығынан ажырмаған.
Ал енді актерлердің жан алысып, жан берісіп, сахнаны сәулелендіріп жібергенін айтсаңызшы. «Жы-ы-ы-ын…», – деп, онсыз да әуезді дауысын сыбызғыдай сызылтқан, «Профессор, профессор… Ал мынау а-а-аз», – деп, еркелей еркінсіп, жарының жоғары жалақысын көз алдына елестетіп, айтқанын екі етпейтін Жын байғұсты қос жанарымен ішіп-жеген Лидия апам… «Мен – проф-ф-э-эс-сор, ал ол – академик…», – деп жедел жеткен жетістікке маңғаздана мастанып, қаралай күпінген Мейірман көкем… Лидия апамның соңғы өтінішін көңілі қаламаса да, қожайынының меселін қайтармай, «Жасаймыз академикті. Жа-са-ап көрейік!», – деп, көзін алайтып, қабағын түйіп, амалсыздан тәуекелге бел буатын Құдайберген ағам… Соның бәрі күні кеше сияқты еді.
Бұл интермедияны және басқа да скетчтерді тек «Тамашаның» тарландары ғана емес, бүкіл ауыл сахнасының көркемөнерпаздары, мектеп оқушылары жаппай қойды. Яғни, халықтық қойылымға айналды. Бірі Құдайберген, бірі Мейірман, ал бірі Лидия болып ойнады. Соларға еліктеді. Бой түзеді. Түр-тұлғасына дейін ұқсауға тырысты. Кейбірінің шынымен де тілегі оңғарылып, саңлақтар салған жолға түсіп, өнер көшіне ілесті.
* * *
Кәденова дегенде есімізге ертеректегі бір жәйт оралып отырғаны. Тоқсаныншы жылдардың ортасында біз Қызылордада қызмет істеп жүрдік. Мен – қала әкімінің орынбасарымын. Сыр еліне танымал азамат Ибадулла Құттықожаев – ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі. Бүгінгі сенатор Руслан Рүстемов – сол бөлімнің қызметкері. Біздің командамызда мінезі жайсаң, жұртқа жайлы, аса зиялы Күлмараш Кәденова деген апамыз болды. Ол қала әкімдігі жанындағы мұқтаж жандарға жәрдем көрсететін комиссияның хатшысы еді. Жұмысына мұндай адал адамды содан бері де сирек көрдік. Жүзінен үнемі мейірім нұры төгіліп тұратын. Комиссияның төрағасы болсақ та, қашанда Күлмараш апамыздың көмегіне жүгінеміз. Ол алдымызға келген әр адамды туғанынан бетер аялайды. Жұрттың бәрі жүдә риза боп кетеді. Кейін білдік, Күлмараш тәте осы Лидия Кәденованың туған жеңгесі екен. Қайын сіңлісін ханшадай қадірлейтін әпкемізді бәріміз жақсы көретін едік. Соған қарап, бұл әулетте бақ-береке барын аңғарғандай болатынбыз.
* * *
Лидия әпкем осыдан үш-төрт күн бұрын Қазақстанның халық әртісі атағына ие болды. Кейде осылай бүкіл ел қол соғатын жақсы жаңалыққа кезігеміз. Бұл да – сондай жалпақ жұрт бірауыздан қуана құптаған шешім. Шынында да, өнер тарланы халықтық деңгейде мойындалғалы қашан. Халықтың алақанынан түспегелі қашан. Халықтың сүйікті қызына айналғалы қашан. Атақсыз-ақ ардақты, марапатсыз-ақ мәртебелі еді ол. Осы кезеңге дейін ешкімнен ешнәрсе сұраған да жоқ-ты. Енді сол абыройлы атақ Лидия апамды өзі іздеп келді. Иә, өзі іздеп… Еңбегіне орай… Ниетіне қарай… Көретін көз бар екен…
* * *
«Темірді қызған кезде соқ» деп, сол күні-ақ жұртқа ілесіп, қызу құттықтағымыз келген. Өзіңізді қатты қадірлейтін майталман фототілші Шүкір Шахай ініңіз «Давай, әпкемізге сюрприз жасайық!», – деп жер табандап отырып алды. Оның сюрприз дегені осыдан отыз жыл бұрын Әкемтеатрдың алдында түсіріп алған мына бір сурет екен. Жас күніңіз. Қапелімде сол қаншама жыл сүрлеп сақтаған суретті Шүкірдің атан түйе жоғалса да, оңайлықпен дерегі шықпайтын тау-тау архивінің арасынан екі-үш күн бойы екеулеп іздеп жүргенімізде едәуір уақыт өтіп кетіпті. Уһ, табылды-ау әйтеуір бүгін… «Ештен кеш жақсы» деген… Құтты болсын, халықтың нағыз әртісі атанған әдемі әпке!
Көрерменіңізді күміс күлкіңізден айырмаңыз!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
2024 жыл
«Шағала» жинағынан
USD



