ПАВЛОДАР. 16 сәуір. Павлодар облысының Екібастұз қаласында араққа тойып алған үш жігіт дәрігер мен мейіргерді жабылып соққыға жықты. Бұл туралы «Наша жизнь» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Екібастұзда медицина қызметкерлеріне қатысты болған зорлық-зомбылық дерегіне қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Орын алған оқыс оқиғаға Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бірден реакция білдірді. «Екібастұз қалалық ауруханасының қабылдау бөлімінде медицина қызметкерлеріне жасалған кезекті шабуыл жағдайы терең наразылық туғызады және құқық қорғау органдары тарапынан да, жалпы қоғам тарапынан да қағидатты баға беруді талап етеді», – деп жазды министр Facebook әлеуметтік желісінде.
«12 сәуір күні Екібастұзда жергілікті тұрғын қалалық аурухананың жарақат бекетіне көмек сұрап келеді. Онымен бірге жанында екі мас досы болған. Алдын ала мәлімет бойынша, келушілер өздерін өте бейбастақ ұстап, дәрігерлердің ескертулеріне өшпенділікпен қараған. Олар баспанадан шығып кету жайлы өтінішке наразылық білдіріп, дәрігерді ұрып-соға бастайды. Сол жерде ара түскен мейіргер де дене жарақатын алып қалады», – деп баяндады Павлодар облыстық полиция департаментіндегілер.
Бұзақылардың шабуылынан жарақат алып қалған медицина қызметкерлері сол бойда ауруханаға жатқызылды.
«Күдікті екеу уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды, ал үшіншісі арнайы палатаға орналастырылып, полиция жасауылының бақылауына алынды», – дегенді қосты полиция департаментіндегілер.
Еске сала кетейік, Қазақстанда 2026 жылғы 7 наурыздан бастап Қылмыстық кодекстің «медициналық қызметкерге немесе жедел медициналық жәрдем көлігінің жүргізушісіне қатысты қатер немесе зорлық-зомбылық қолдану» деп аталатын 380-3-бабы өз күшіне енді. Енді дәрігерлерге, фельдшерлерге және жедел жәрдем жүргізушілеріне шабуыл жасағандарға енді 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі.
«Алайда заң күші – бұл салдардың алдын алу емес, ол тек болғаннан кейінгі шара. Біз үшін ең маңыздысы – қоғамдағы көзқарас. Барлық азаматтарға үндеу жолдаймын. Дәрігер, фельдшер, мейіргер – ең қиын сәттерде көмекке келетін жандар. Олардың еңбегіне адамдардың денсаулығы мен өмірі тәуелді. Медицина қызметкерлері өз кәсіби борышын атқарады тәуліктің кез келген уақытында, ең күрделі жағдайларда өмірді сақтап қалады, көмек көрсетеді. Осындай сәттерде олар қорғалуы тиіс, агрессияға ұшырамауы керек. Біз заңнамалық деңгейде де, медициналық ұйымдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында да медицина қызметкерлерін қорғау шараларын әрі қарай да күшейтетін боламыз. Әрбір зорлық-зомбылық фактісіне қатаң құқықтық баға берілетін болады. Бұл ретте аурухана жанжал орны емес, көмек көрсетілетін орын екенін барлығымыздың бірдей түсінгеніміз абзал», – деп атап көрсетті Ақмарал Шәріпбайқызы өз жазбасында.
USD




