АСТАНА. 8 қазан. Үстіміздегі жылдың басынан бері Қазақстандағы медициналық мекемелерге 80 мыңнан астам шетелдік емделуге келген. Бұл туралы Үкімет баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мұның дерегін Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, айтарлықтай жоғары көрінеді.
Министр бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері алдында медициналық туризм еліміз үшін де, басқа мемлекеттер үшін де қосымша қаржылық табыс көзі екенін атап өтті. Сондықтан министрлік тарапынан бұл салаға ерекше көңіл бөлінуде. Қазақстан кардиохирургия, нейрохирургия, стоматология сияқты кейбір салалар бойынша халықаралық деңгейге жетті.
Ақмарал Әлназарова қазан айында Өзбекстанда қазақ медицинасы күндері өтетінін хабарлады. Қазақстандық дәрігерлер делегациясы тек Ташкентте ғана емес, сонымен қатар Нөкіс, Бұхара, Самарқанд қалаларына да бармақ. Жыл соңына дейін мамандар Тәжікстанға да баруды жоспарлап отыр.
Денсаулық сақтау министрі жиында елімізде зейнетақыны пайдалана отырып, емделу ақысын төлеуге тыйым салуды кеңейту жоспарланбағанын айтты. Қазақстандықтар жинақталған зейнетақы қаражатын 7 емдеу түріне, орфандық аурулар, офтальмологиялық операциялар, реконструктивті операциялар және басқа да бағыт бойынша пайдалана алады.
Баспасөз мәслихатына сондай-ақ Денсаулық сақтау вице-министрі Ардақ Амангелдиев, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ басқарма төрағасы Айдын Құлсейітов және МСӘҚ (мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры) басқарма төрағасының орынбасары Индира Саркенова қатысты.
USD




