Қақтығыста қырғыз жағынан қаза тапқандар 31-ге жетті
БІШКЕК. 30 сәуір. Қырғызстан мен Тәжікстан мемлекеттік шекарасынла орын алған қақтығыс салдарынан қаза тапқан адамдардың саны 31-ге жетті. Бұл туралы K-News.kg хабарлады.
Қырғызстан денсаулық сақтау министрінің орынбасары Элиза Солтанбекова Тәжікстанмен шекарадағы қақтығыста қаза тапқан қырғыз азаматтарының қатары 31 адамға жеткенін мәлім етті. Бұдан басқа, 154 адам зардап шексе, олардың 121-і бейбіт тұрғындар екен.
Осы тұста Душанбе өз елінің 110 адамы жарақат алып, 8 адам оққа ұшқанын жеткізді.
Бірақ бұған қырғыз тарапы сеніп отырған жоқ. Бішкек тәжік жағы зардап шеккен және оққа ұшқан адамдар санын жасырып отыр деп есептейді.
Осының алдында екі жақ атысты тоқтату жөнінде мәмілеге келген еді. Алайда, түс қайта атыс қайта басталып кетті. Оны Ләйлек ауданы территориясында тәжік шекарашылары жүргізді. Бұған қырғыз тарапы жауап қатты.
Қазіргі сағаттарда атыстың тоқтағаны айтылып жатыр. Дегенмен, оның қайта жалғасып кетпесіне кепіл жоқ. Екі елдің президенттері телефон арқылы келіссөз жүргізгеніне қарамастан, жағдай әлі ушығып тұр.