Саханың батыр қызы Сардана қала басшылығынан кетті
ЯКУТСК. 11 қаңтар. Ресейдің Саха республикасының байтағы – Якутск қаласының мэрі Сардана Авксентьева өзінің өтінішімен қызметінен кетіп жатыр. Бұл туралы News.Ykt.Ru хабарлады.
Өзін саханың батыл да өжет қызы ретінде танытып үлгерген Сардана бұл қызметке 2018 жылғы 17 қыркүйекте сайлау жолымен келген еді. Мұнда ол жұмыс барысында ешкімнен ықпайтын, жоғары басшыларды да ретті жерінде сынға алып тұратын басшы есебінде тез көзге ілінді. Өз жұмысына барынша адал болды. Сондықтан да қала жұртшылығының зор құрметіне бөленді.
Сардана Владимировна Авксентьева 1970 жылы 2 шілдеде Якутск қаласына жақын жердегі атақты Чурапчы селосында туып-өскен. Оның атақты болатыны, бұл ауылдың еркін күрес мектебіінің атағы ертеден бүкіл әлемге кеңінен танылған. Осындағы жергілікті маман Владимир Коркиннің қанаты астынан ұшып шыққан палуандар Роман Дмитриев, Павел Пинигин 1976 жылы Монреаль Олимпиялық ойындарының чемпионы атанса, кейін Қазақстан құрамасы атынан күрескен Александр Иванов сол Олимпиаданың күміс медалін жеңіп алған. Аталып отырған төрт кісінің төртеуі де – саха ұлтынын өкілдері. Чурапчының күрес мектебі қазіргі кезде де Якутия күресінің діңгегі болып отыр.
Ал осындай атақты жерген шыққан Сардана Якутск университеті мен Владивостоктағы басқару академиясын бітірген. Қызмет жолында тазалығы мен адалдығы арқылы жұртқа жақты. Осы қызметке келгені жемқорлыққа бүйідей тиісті. Онысы халыққа ұнағанмен, шенеуніктер тарапынан көп қарсылыққа тап келді.
Бірақ осындай белсенді күрескер болып жүрген Сардананың денсаулығы соңғы кездері сыр бере бастапты. Ол осыған байланысты қызметінен кетуге шешім қабылдапты.
«Отбасым менің денсаулығыма алаңдап отыр. Ауруға себеп – қаланың жайы үшін алаңдаудан туған стресс. Мойындауым керек, мен бұдан әрі 24/365 режимімен жұмыс істей алмаймын. Ертең ауруханаға жатамын. Киһи биир олохтоох (кісінің бір ғана өмірі бар). Сондықтан, құрметті жұмыс берушілер, мені оңай жіберуді және өмірімнің келесі кезеңіне табыс тілеуді өтінемін. Менің өтінішімді қабылдаңыздар. Бүгін, 11 қаңтар күні саха қалалық думасына өкілдігімді қоятыным туралы мәлімедеме тапсырдым», – деп жазды Сардана Авксентьева әлеуметтік желіде.
Басшылар да көп қыстай қойған жоқ, Сарданының өтінішін қабылдай қойды.
Айтқандай, «сардана» деген сөз саха тілінде «гүл» деген мағына береді. Бәйшешек.