Иран армяндардың Әзербайжан жерінен кетуін талап етті
ТЕГЕРАН. 1 қараша. Иран сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф армян қарулы күштерінің Таулы Қарабақтан кетуі керек екенін мәлімдеді. Бұл туралы «Вестник Кавказа» хабарлады.
Иран БАҚ-тарына берген сұхбатында сыртқы істер министрі Таулы Қарабақты жөнге келтірудің бірден-бір жолы басқыншы Армения әскерлерінің Әзербайжаннан әкетілуі ғана екенін айтты. Мұны министрдің орынбасары Аббас Аракчи жанжалдасушы тараптарға, сондай-ақ Ресей мен Түркияға жеткізді.
Зариф жанжалды реттеудің жалғыз варианты уақытша бітім жасау емес, ұрыс қимылдарын толық тоқтату екенін атап көрсетті.
«Біздің жоспарымыздың тек атысты уақытша тоқтатуға қатысы жоқ. Жанжал тараптар белгілі бір принциптерді қабылдағаннан кейін қажетті шараларды жүзеге асыра бастауымен, атап айтқанда, басқыншы жақтың өз әскерлерін бұрын басып алған барлық территориядан алып кетуімен шешілуі тиіс», – деді ол.
Зариф Иранның инициативасы ОБСЕ-нің Минск тобы форматымен бәсекелестікті көрсетпейтінін, тек оны толықтыратынын білдірді. Ресми Тегеранның көзқарасы тұрғысында, Таулы Қарабақтағы жанжалды реттеуге Әзербайжан мен Арменияға көрші елдердің бәрінің қатысуларының маңызы зор, себебі, олар өңірде тұрақтылық болуына түгел мүдделі.